03.03.2021, 22:12

Бас санитар дәрігер елордалықтарға үндеу жасады

фото: 24kz
Қазір Нұр-Сұлтан 100 мың тұрғынға шаққанда 54,04 қарқынды көрсеткішімен "сары" аймақта тұр. ⠀

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова Халықаралық әйелдер күніне қатысты астаналықтарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Мереке қарсаңында тағы бір рет қала тұрғындары мен елорда қонақтарына карантин шараларын сақтау керегін ескерткім келеді. Маска тағу режимін, әлеуметтік арақашықтықты сақтаңыз, мүмкін болса, адамдар көп жиналатын орындарға бармаңыз. Сондай-ақ, бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырмауларыңызды сұраймыз", - деді Сархат Бейсенова брифингте.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясына қарсы жүргізілген шектеулер мен эпидемияға қарсы шаралар арқасында Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар көрсеткіші қаңтармен салыстырғанда 33,8 пайызға төмендеген. Ал өткен аптада алдыңғы аптаға қарағанда 4,3 пайызға өскен.

Қазір Нұр-Сұлтан 100 мың тұрғынға шаққанда 54,04 қарқынды көрсеткішімен "сары" аймақта тұр.

⠀Тәулігіне коронавирус жұқтырудың 68 жағдайы тіркелді, оның ішінде 37 - симптомы бар, 31 - симптомсыз. Сондай-ақ, 73 ошақ, 53 үй, 19 ұйым анықталды.