05.03.2021, 10:00

Қазақстан интернеті ең арзан 10 елдің қатарына енді

фото: pixabay.com
Бүгінгі таңда Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды.

Биыл жыл басында Қазақстанда интернетке қолжетімді 16 млн ұялы байланыс абоненті тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8% артық. Соңғы бес жылда көрсеткіш орташа есеппен жыл сайын 7,8% өсуде, деп хабарлады 24kz ranking.kz-ке сілтеме жасап. 

Елде интернетке қосылған абоненттерінің саны бір жыл ішінде 5,1% өсіп, 2,6 миллион абонентке жетті. Осылайша, барлық сегментте интернетті пайдаланушылар санының айтарлықтай өсуі байқалады. 

Бүгінгі таңда Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды. Сондай-ақ Қазақстанда мобильді интернеттің тарифтері салыстырмалы түрде арзан. 

Әлемдік рейтингте Қазақстан интернеті ең арзан ТОП-10 елдің қатарына кіреді. Сонымен, 2020 жылы Қазақстан әлем бойынша 6-орынға ие болды. Елде 1 гигабайт интернет үшін орташа есеппен 0,46 АҚШ доллары төленеді. Рейтингте барлығы 228 елдегі баға зерттелді.