$ 498.34  519.72  4.85

Павлодарлық делегация ОҚО-дағы кәсіпорындармен танысты

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында республиканың өңірлері бір-бірімен экономикалық және әлеуметтік байланыстарын нығайтып жатқаны белгілі. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы іс-сапармен келген павлодарлық делегация Шымкенттегі ірі кәсіпорындарды аралап, жұмысымен танысты.

Атап айтқанда, теріскейлік қонақтар өңіріміздегі дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын «Химфарм» АҚ-нда болып, компанияның тыныс-тіршілігімен танысты. 130 жылдық тарихы бар фармацевтикалық кәсіпорын бүгінде жылына жалпы сомасы 16,5 млрд. теңге болатын 1,2 млрд. таблетка мен капсулалар және түйірлер, 300 млн. ампула, 6 млн. инфузия, 40 млн. антибиотик құтылары мен 26 млн. шәрбат құтылары (сироп) сынды дәрі-дәрмектің 200-ден астам түрін өндіреді.

Мұнан кейін жұмысшы топ «Оңтүстік» индустриалды аймағында өндірілетін өнімдердің көрмесін аралап, жылына 20 млн. дана шыны ыдыстарын шығаратын «Евро Кристалл» кәсіпорнында болды. Сондай-ақ, арнайы экономикалық аймағындағы шұлық өнімдерін шығаратын «Әлем БТ» фабрикасы мен «Бал Текстиль», «Назар Текстиль» кілем фабрикаларын көрді. Медициналық құрылғылар мен жиһаздарын шығаратын «Kazmedpribor Holding» ЖШС мен «AZALA Textile» текстиль комбинатын, су сорғыларын шығаратын «Karlskrona LB AC» және «Корпорация Green Land» қарқынды бағын тамашалады.

Өңіріміздегі осынау жұмыстарды көрген Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аймақ кәсіпкерлерін Солтүстік өңірлерге шақырып, ол үшін бос жер телімдерінің бар екенін, егер кәсіпкер аталған облысқа барған жағдайда арзан бағада электр энергиясын тұтына алатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы, ауыр және жеңіл өнеркәсіп сынды кез келген сала бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары