Сенат депутаттары Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында парламентшілердің бастамасымен әзірленген елдің сот жүйесін жетілдіруге бағытталған бұрын заң жобаларын қарады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
2021 жылғы 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің күшіне енуіне байланысты бүкіл сот жүйесінің жұмысын қайта ретке келтіру талап етілетін болады. Мәселен, Қазақстан Республикасының "Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы" Конституциялық Заңына өзгерістер қаралды. Бұл түзетулер Жоғарғы сотта әкімшілік істер жөніндегі алқа құруды және қазіргі бар мамандандырылған сот алқасын жоюды көздейді.
"Бұл өзгерістер әкімшілік әділетін енгізу жағдайында да жүктемені тең бөлуге, теріс әрекеттер мен жария дауларды қарау жөніндегі сот тәжірибесінің аражігін ажыратуға мүмкіндік береді және адамдардың конституциялық құқықтары сотпен қорғалуын қамтамасыз етуге ықпал ететін болады", - деді заң жобасын әзірлеушілердің бірі комитет төрағасы Владимир Волков.
Заң жобасында сонымен қатар Жоғарғы Сот судьялары лауазымына үміткерлерге қойылатын кейбір талаптарды өзгерту қарастырылған.
Депутаттар инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды жаңаша қарастыруды ұсынады. Соттар мен судьяларға жүктемені тең бөлу, сондай-ақ біркелкі тәжірибе әзірлеу басты мақсат болып отыр. Сондықтан "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында осындай істерді барынша мұқият қарау, мемлекеттік органдармен дауларда инвестициялық даулар бойынша үш буынды қорғау жүйесін белгілеу арқылы инвесторлардың құқықтарын қорғауды арттыру мақсатында мамандандырылған соттар арасындағы соттылықты өзгерту ұсынылып отыр. Қазір даулар екі буынды жүйе арқылы қаралады, бұл инвесторлар үшін түсінбестік туғызып келеді.
"Заң жобасында мамандандырылған соттардың сақталуын, сотпен қорғаудың үш сатылы толыққанды жүйесін және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотындағы сот алқасының кассациялық іс жүргізетінін ескере отырып, дауларды инвесторлардың қатысуымен инстанциялауды айқындау ұсынылады", - деді сенатор Сәуле Айтпаева.
Парламентшілер кеңейтілген отырыс барысында "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын да талқылады. ӘҚБтК-ден "Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы" деген ұғымды алып тастау ұсынылады. Бұл ағымдағы жылы әкімшілік рәсімдермен және жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу жөніндегі арнайы сот ісін жүргізуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің енгізілуіне байланысты.