$ 494.87  520.65  4.91

Мұнай газының қымбаттағанына наразы Жаңаөзен тұрғындары митингке шықты (ВИДЕО)

Осы орайда митингке шыққандар Жаңаөзенде 160 мың адамның тұратынын, соның ішінде 10 мың адам ғана мұнай саласында істейтінін айтты.

Жаңаөзеннің тұрғындары сұйытылған мұнай газына шекті бағаны алып тастауға қарсы екенін мәлімдеді. Әкімдіктің алдына жиналғандар бейнеүндеу жазып, газдың бағасын реттеуді талап етті, деп хабарлады Lada.kz порталы.

"Әкімшілікке келіп тұрған бірден-бір себебіміз, қаламыздағы автогаз мәселесі ушығып бара жатыр. 10-15 жылдан бері ешқандай ретін таппайды. Үш-төрт күн 50 теңгеден тұрады, одан кейін 60 теңгеге көтеріледі. Ал кейде 45 теңгеден сатылып қалады. Осы мәселені бір арнаға салып, министрлік адамдары мен мәжіліс депутаттары келіп, кешегі Ақтаудағы газдың мәселесін орнына қойып кетті ғой, тура солай шешіп берсе деген тілек бар", - дейді жиналғандар.

Осы орайда митингке шыққандар Жаңаөзенде 160 мың адамның тұратынын, соның ішінде 10 мың адам ғана мұнай саласында істейтінін айтты. Басым бөлігі такси қызметімен және тамақ тасымалдаумен айналысады. Олар үшін автогаз бағасының тұрақты болғаны дұрыс.

"Біз қала әкіміне де жаздық. Бірақ мәселе шешімін таппады. Облыс әкімімен кездестік. Ол кісі көмектесемін деді, мүмкін көмектесетін шығар. Энергетика министрімен де кездестік. Ол да қараймыз деді. Бірақ мәселеміз әлі шешілмай жатыр. Қаладағы газдың бағасы 60 теңге болып кетті", - дейді олар.

Митингке шыққандардың айтуынша, кәсіпкерлер бір литр газды 28 теңгеден алады. Оны тасымалдайтын жері де алыс емес, 3-5 шақырым. Сонда да екі есе қымбатқа сатады.

Жаңаөзен қаласының әкімдігі газ бағасының не себепті көтерілгенін түсіндірді. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Мұхтарұлының айтуынша, 1 наурызда энергетика министрлігінің автогаздың шекті бағасына арналған қаулысының мерзімі аяқталды. Содан бөлшек саудадағы баға көтеріліп кетті.

"Облыста кәсіпкерлермен және газ желілік ұйымдарымен кездесу өткізілді. Сол кездесу барысында газ бағасын шарықтатпау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Енді, қазіргі таңда газды уақытында жеткізу және бағаны тұрақты ұстау бойында күнде екі рет мониторинг жүргізіліп тұрады", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін облыста газдың шекті бағасы 50 теңге болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары