$ 494.87  520.65  4.91

«Құнды металдарды ұрлау мен олардың заңсыз айналымы төмендемей отыр» – Нығматулин

Мысалы, сарапшылардың бағалауы бойынша бізде заңды түрде өндірілген әрбір 3 тонна алтынға заңсыз өндірілген 1 тонна келеді.

Бүгін жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин елімізде қымбат металдар мен тастардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қайта қарау қажет деп есептейді.  

Құжат нормаларын талқылау барысында депутаттар осы саладағы заңсыз айналым үшін жауапкершілік бөлігінде заңнаманы үйлестіру туралы мәселені көтерді. 

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанда бағалы металдар мен тастардың заңсыз айналымы үшін баптар қылмыстық сипаттан арылтылған, ал мысалы, Ресей мен Беларусь елдерінде осындай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгеніне назар аударды.

«Бізде тек ғана әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірақ та, құнды металдарды ұрлау мен олардың заңсыз айналымы төмендемей отыр. Керісінше, олардың саны жылдан жылға өсуде», - деді. 

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, мысалы, тек «Қазақ Алтын» кәсіпорнында 2015-2020 жылдар аралығында 32 мыңнан астам заңсыз іздеушілер ұсталған. 

2019 жылдың ақпан айынан бастап 2020 жылдың қыркүйек айына дейін 5 722 заңсыз іздеуші ұсталып, полицияға тапсырылса, олардың 80% - ы қайтадан қылмыс жасаған. 

Нұрлан Нығматулин қылмыскерлерге әкімшілік қамау да, айыппұлдар да тосқауыл бола алмай отырғанын алға тарта келіп, заңсыз іздеушілерді айыппұлдармен тоқтата алмайтынымызды тәжірибе көрсетіп отырғанына назар аударды. Мысалы, сарапшылардың бағалауы бойынша бізде заңды түрде өндірілген әрбір 3 тонна алтынға заңсыз өндірілген 1 тонна келеді. 

Мәжіліс Төрағасы заңсыз әрекеттерге қарсы түрлі шаралар қабылданып жатқанымен тиісті нәтиже бермей отырғанын айтты.  Осыған орай, құзырлы орган өкілдеріне жазаны күшейтуге қатысты нақты ұсыныстар қажеттігін және ол депутаттар тарапынан қолдау табатынын ескертті.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары