8 наурыз күні Алматыда өткен феминистер шеруі қоғамда қызу талқылануда. Пікір білдірушілердің бір бөлігі митингке шыққандарға қолдау білдірсе, енді бір бөлігі олардың қылығы қазақ қоғамына жат екенін айтады. Журналист әрі "Қалаулым" ток-шоуының қатысушысы Айдос Игіліков бұл идеяны әсте қолдамайтынын және шеруге шығушылардың басқа ермегі жоқ екенін айтады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын" деген хакім Абайдан асып кете алмаймыз. Бұл сөзді кеше митингке шыққан "феминистшілдерге" қарата айтсақ, еш айыбы жоқ. Оларды басқа ермегі қалмаған, қарны тоқ адамдар деп есептеймін. Егер шеруге қатты шыққылары келсе, елімізде проблема шаш етектен.
Негізі, митингке осындай бастамамен шыққандардың басым бөлігі шетелде оқып келгендер сияқты. Сол жақтағы еркіндікті осылай түсініп, елге әкелген ойлары деп білем. Біз қаншама жасты оқысын, білім алсын деп шетелге жіберіп жатырмыз. Ал олар бізге Еуропаның қаңсығын әкеліп тықпалауда.
Шеру кезінде ЛГБТ туын көтеріп шыққандар бар екен. Біржыныстылар атам заманда да болған, қазір де бар, өкініштісі сол, алдағы уақытта да бола береді. Оларға қалай тосқауыл қою керектігін білмеймін, бірақ, олардың көбейгені жақсылыққа апармайды.
Шеруге қатысты тағы не айтсам болады? Он жерден ұрандатып, елді жинап, шеруге шықса да ер мен әйелдің арасындағы теңдікке қол жеткізе алмайды. Өйткені, бұл Адам Ата мен Хауа ана кезінен келе жатқан дүние және бұл ең соңына дейін осылай болады", - дейді журналист.