Өзбекстанның қайтыс болған президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримова абақтыда жазған өлеңін жариялады. Бұл туралы оның қызы Иман Каримова Instagram-да жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Иманның айтуынша, ол бостандыққа шыққан тұтқындар арқылы анасынан хабар алған.
"Жақында КИН-21-ден шыққан өте батыл әйелдердің арқасында біз анамыз туралы, оның денсаулығы туралы ақпарат алдық. Онда осы өлең жолдарын жазыпты. Өкінішке қарай, бізде онымен байланыс жоқ: хаттарымыз берілмейді, адвокаттар кіргізілмейді, тіпті телефон қоңырауларына да рұқсат жоқ. Бұл өлең оның сезімі мен көңіл-күйін көрсетеді. Адамдар түрмелерде, әсіресе заң үстемдігі жоқ Өзбекстанда, не бастан кешіп жатқанын елестету және ойлау өте қорқынышты", - деп жазды ол.
Өзбекстанның экс-президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Ташкент маңындағы № 21 Зангиатин әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр. Ол ұрлық, салық төлеуден жалтару, бопсалау және заңсыз жолмен алынған қаражатты заңдастыру үшін кінәлі деп танылған. Наурызда Өзбекстанның Жоғарғы соты оны 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындаған болатын.