Оңтүстік Қазақстанда «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылған 23 жылда 1 мыңға жуық ізденуші жоғары оқу орындарындағы білімін шетелдерде жалғастырған. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Өткен жылдың өзінде өңірімізден 6 жас шетелде білім алу грантына ие болса, жалпы, аталған бағдарламамен білім алып жатқан жастар саны 68-ді құрайды.
Шекара асып, білім қуған жастарымыздың біразы аймағымыздың өркендеуі үшін қызмет етуде. "Болашақтық" 183 азамат бүгінгі таңда облыстағы түрлі мекемелерде жұмыс істеп жатса, соның 12-сі мемлекеттік қызметтерде басшылық лауазымында.
Еске саламыз, «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау биыл да жалғасады. Үщ кезең бойынша (11 сәуір-13 мамыр, 13 маусым-29 шілде, 15 тамыз - 15 қыркүйек) жүргізілетін қабылдауға өз бетімен, мемлекеттік қызметкер ретінде, ғылыми-педагог қызметкер ретінде, мәдениет және шығармашылық қызметкерлері, БАҚ қызметкерлері немесе инженерлік-техникалық қызметкерлер санатында қатысуға болады.
Ал құжаттарды 3 жолмен - «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, «E-gov» электронды үкіметі және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тапсыруға болады. Құжаттарды тапсыру талаптарын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ныңwww.bolashak.gov.kz ресми сайтынан алуға болады.
Айта кету керек, облысымыздағы 12 жоғары оқу орнында 67 мың, 90 кәсіптік-техникалық колледждерде 70 мыңнан аса, 1022 жалпы мектепте 590 мыңға жуық оқушы білім алады.
«Болашақ» бағдарламасы тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жүзеге асырған ең жемісті жобаларының бірі деп айтуға болады. Биыл, тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында шетелге оқуға аттанатын оңтүстікқазақстандық жас өрендердің саны біршама артты.