Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылы соңғы бірнеше жылдың көлемінде бітік өскен жуасымен жұртқа танылып келеді. Голландиялық тәсілмен егетін пияз алқабындағы басты ерекшелік ондағы қол күшінің барлығы техника түрімен алмастырылған. Осылайша шаруалар арам шөпті отау, пиязды қолмен жегене жасау сияқты машақаттардан біржола құтылған.
Сейдулла Доматовтың иелігіндегі «Тұрар» шаруа қожалығы биылғы жылы 30 гектар жерге пияз тұқымын сеуіп, қазіргі таңда өнімді жинаумен айналысып жатыр. Диқандардың көңілдері көтеріңкі, себебі гектар түсімі 850 центнерден айналып отыр. Яғни, әр гектардан 85 тоннадан пияз өнімін алу деген өте жоғарғы көрсеткіш. Жаушықұмның жуасы қазіргі таңда Астана, Ақтөбе, Алматы қалаларына тасымалданып, саудаға шығарылып жатыр.
Ал, аудан басшыларының ұйымдастыруымен ауылдан арнайы бекет ашылып, жергілікті тұрғындарға әр келісі 50 теңгеден жаңа пияз өнімдері таратылуда. Базарда пияздың бағасы 80 теңгеден екенін ескерсек, арнайы бекеттегі арзан баға халықтың қалтасына жеңіл тиіп жатқаны сөзсіз.
Сонымен қатар, осы Шардара ауданының диқандары да еккен бақша дақылдарынан мол өнім жинап отыр. Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңға дейін шардаралық шаруалардың 3338 гектар егіс алқабынан 83450 тонна қауын-қарбыз сатылымға шығарылған. Оның ішінде, өзіміздің нарықтан бөлек, 50 000 тоннасы Ресей мемлекетіне экспортталса, қалғаны өзіміздің солтүстік облыстарға жөнелтіліпті.
Мамандардың есебі бойынша гектарынан орташа 250 центнерден өнім алған аудан диқандарының көңілдері тоқ деп айтуға болады. Бау-бақша өнімдерінің басым бөлігі енді пісіп жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіш күн сайын арта түсетіні белгілі. Диқандар осылайша жиналға мол өнім мен жемісті еңбегін ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап отыр.