Ертіс өзені арқылы салынатын жаңа құрылыстың жобасы туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Павлодар облысы филиалының директоры Ақылбек Қабылдин өңірлік коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ертіс өзені арқылы өтетін ескі көпір 1962 жылы салынған. Қазір оның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. 2019 жылдан бастап бұл көпірді жобалауды бастадық. Бастапқыда ескі көпірді күрделі жөндеуден өткізуді ойладық, бірақ жүк көліктерін өткізуге қатысты заманауи өлшемдеріне жете алмадық. Сол себепті жаңа көпір салу туралы шешім қабылданды", – деді Қабылдин.
Оның сөзінше, содан кейін екі нұсқа қарастырылды. Алғашқысы – ескі көпірді бөлшектеп, оның орнына жаңасын салу. Екіншісі – ескінің жанына жаңа көпір салу. Содан кейін ескі құрылысты бөлшектеу.
Құрылысшылар екінші нұсқаны таңдады. Ескі көпірді бөлшектеу жұмыстары бір жарым жылға созылатындықтан, жаңа көпірдің құрылысы да ұзаққа созылады. Ал мұндай жағдайда Павлодар маңындағы ауылдар қаладан алшақтап қалады. Оларға "Нұрлы жол" көпірі арқылы айналып баруға тура келер еді.
Жаңа көпір бойында қозғалыс басталғаннан кейін ескіні бөлшектей бастайды.
"Бұл экстрадозды көпір болады, Қазақстанда оған ұқсас көпір жоқ. Оның биіктігі 20 метр, төрт жолақ, әр бағытта екі жолақтан бар. Құрылымның жалпы ұзындығы – 2,7 шақырым, оның ішінде көпірдің өзі – 691 метр", – деп толықтырды Ақылбек Қабылдин.
Оның айтуынша, құрылыс кезінде бірқатар мәселені шешу қажет. Оның бірі – 3 040 ағашты кесу. Әрбір кесілген ағаштың орнына "ҚазАвтоЖол" он жаңа ағаш отырғызуға уәде беріп отыр. Ағаш отырғызу Павлодар әкімдігімен келісілді, ал Павлодар орманшылығымен бірге көшеттерді алатын учаскелер анықталды. Отырғызылған ағаштарға бірнеше жыл күтім жасалады.
Айта кетейік, көпір құрылысы бойынша жергілікті жерлерде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылуда.