19.03.2021, 09:40

«Қолыма мылтық алған жоқпын»: Тоқтар Әубәкіровтің заңсыз аң аулағаны рас па? (ВИДЕО)

Тоқтар Әубәкіров Торғай жаққа барғанын жасырған жоқ. Нақты қай аумақта болғанын айтпады. Ғарышкер аң атпақ түгілі, ойым да болмады деп отыр.

Ғарышкер ме браконьер ме? Тоқтар Әубәкіров Торғай даласында заңсыз аң аулап жүр. Белгілі бизнесмен Батыр Сейкенов әлеуметтік желідегі парақшасында осындай жазба қалдырды. Желідегі жұртшылық жікке бөлініп, жазбаны қызу талқылап жатыр. Тоқтар Оңғарбайұлы Торғай жаққа барған. Оны жасырмады. Бірақ аң атпақ түгілі қолыма мылтық алғаным жоқ дейді. Кімге сенеміз? 

Айрықша қорғалатын аумақта қасқыр атуға халық қаһарманының рұқсаты бар ма? Кәсіпкер Батыр Сейкенов бұл сауалды министр Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке жолдаған.  

Бизнесменнің әлеуметтік желідегі жазбасына жүгінсек әуелі қостанайлық шенеунік хабарласқан. Тұңғыш ғарышкер, кәсіпкердің аумағында аң аулағысы келетінін жеткізген. Бірақ Батыр Сейкенов бұған келісім бермеген көрінеді. Ол бұған дейін де шенді-шекпенділер мен бай-бағландарға рұқсат етпегенін жазыпты.

Тағы оқи отырыңыз: Тоқтар Әубәкіровтің басы дауға қалды

"Менің жоқ, аң ауламайды" - деген жауабым қостанайлық шенеунікті тығырыққа тіреді. Әрі қарай, мен оған көктемгі дейінгі аң аулау маусымының 15-ақпанда аяқталғанын және популяцияны қалпына келтіру үшін қасқыр аулауды 2 жылға тоқтатқанымды түсіндірдім. Наурыз айында қасқыр қаншығының буаз екенін, сонымен қатар  киіктер мен еліктердің де төлдейтін уақыты таяғанын айттым", - дейді кәсіпкер Батыр Сейкенов.

Батыр Сейкеновтің сөзіне сенсек Кеңес одағының батыры «Алтын дала» резерватының аумағына ат басын тіреп, аң аулаған. Ал резерват басшылығы бұл күндері ешкімді көрмедік, деп ақталды.

"Мен өзім көрген жоқпын ешкімді де. Тоқтар Әубәкіровті де ешкімді көрген жоқпын. Мен неге өтірік айтуым керек. Көрген жоқпын бір-ақ ауыз сөз. Бізге территорияға ешкімге кіруге болмайды. Рұқсат жоқ. Мен содан басқа ештеңе айтпаймын", - "Алтын дала" резерваты директорының м.а. Айтбаев Дүйсенғали.

Тоқтар Әубәкіров Торғай жаққа барғанын жасырған жоқ. Нақты қай аумақта болғанын айтпады. Ғарышкер аң атпақ түгілі, ойым да болмады деп отыр.

"Мен барғамын. Әкімде біледі. Бәрі де біледі. Мен қолыма мылтық та алғам жоқпын. Кіріп өткенмін аумақтан ары қарай. Ойлаған ғой өзі соның аумағына кірді деп. Содан кейін енді не істеу керек? Көтеру керек бар мәселені. Көтеріп бәрін айқай-шу жасаған. Өз обалы өзіне не істесе сол ақымақтың несі ғой. Мен оған мән бергім келмейді", - деді ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.

Тұңғыш ғарышкер Батыр Сейкеновті  жақсы білетінін, тіпті кезінде оған қолдау көрсетіп, қолтығынан демегенін баяндады. Кәсіпкердің өзімен хабарласа алмадық. Өйткені телефоны өшірулі тұр.

Ал жануарларға жауапты инспекция басшылығы біздің сауалға мардымды жауап бере алмады. Тек аймақта 7 мыңнан астам аңшы тіркелгенін мәлім етті. Олардың ішінде Тоқтар Әубәкіров жоқ.

Дереккөз: Astana TV