23.03.2021, 02:03

Лондонда ағылшындар мерекеге орай Наурыз көже пісіріп, ет асты

Фото: inform. kz
"Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Қайда барсаң жол болсын! Қыдыр ата қолдасын!" - деп қазақша бата беруді де ұмытпады Джон Данхилл.

Джон Данхилл қазақтың ұлттық ас мәзірімен етене таныс. Өйткені 7 жыл атыраулық мұнай компаниясында жұмыс істеп, Қазақстанның мәдени және дәстүрлі құндылықтарын бойына сіңірген. Ұн, сүт және ет тағамдарының бірнеше түрін дайындағанды жақсы көреді. Бүгін Ұлыстың ұлы күніне орай ол наурыз көже пісірді, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

"Турасын айтқанда, демалыс күндері келіншегім екеуміз тамақ істеуден жарысамыз және мен жиірек жеңіске жетемін. Жұмыс күндері ас үйде ол басшылық етеді. Бірақ егер шаршаса, өзім іске кірісемін", - дейді Лондон тұрғыны Джон Данхилл.

Джон жолдасы Лейламен Атырауда бірге қызметтес болған. Лейла – Қазақстанның тумасы. Әкесі әзербайжан, шешесі корей ұлтынан. Локдаунға байланысты жұмысты үйден істейді. Сол себепті, туған жеріне бармағанына да біршама уақыт болыпты.

"Туған жеріңде бұрын аса мән бере қоймаған дүниелерді жат елде жүргенде сағына бастайды екенсің. Лондонда қазақ мейрамханасы жоқ. Бірақ ұлттық тағамдарымыз бұл жерде зор сұранысқа ие болар еді", - дейді Лейла Данхилл.

Джон наурыз көже пісіріп жатқанда Лейла қамыр илеп, ет асты. Кең дастарқан жайып, ортаға бауырсағы мен құртын, қазақстандық шоколадты қойды. Бір сөзбен айтқанда, ұлтымызға тән қонақжайлылықты көрсетті. Негізі ұлттық тағамдарымызды Тұманды Альбионда дайындау оңай емес. Мәселен, жылқының еті сатылмайды, қазы-қарта, жал-жая да жоқ. "Бірақ елден алдырып, бір амалын жасаймыз", - дейді Джон. Өйткені ұлық мереке Наурызды сән-салтанатымен атап өту - парыз.

"Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Қайда барсаң жол болсын! Қыдыр ата қолдасын!" - деп қазақша бата беруді де ұмытпады Джон Данхилл.