23.03.2021, 03:25

Головкин қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

Фото: instagram
Сондай-ақ Головкин бұл постқа өзінің шапан киіп түскен фотосын қоса салған.

Боксшы Геннадий Головкин қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Наурыз мейрамы құтты болсын!! Денсаулық, амандық тілеймін!! Ақ мол болсын!! Уайым-қайғы жоқ болсын!», - деп жазды қазақ тілінде боксшы Instagram-дағы парақшасында.

Сондай-ақ Головкин бұл постқа өзінің шапан киіп түскен фотосын қоса салған. Суретте қазақ және орыс тілдерінде «Дәстүр. Бүгін. Әрқашан» деп жазылған.

Айта кетейік, Г.Головкин биылғы мамыр айында жекпе-жек өткізетіні жоспарланған. Әуелде оның қарсыласы ретінде мексикалық боксшы Хайме Мунгия (36-0, 29 КО) айтылған еді. Алайда, наурыз айының ортасында Х.Мунгияның промоутері Фернандо Бельтран қазақстандық Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) әзірге өз клиентімен күрескісі келмейтінін мәлім етті.

Бельтранның айтуынша, Головкин WBA Super нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы – жапон боксшысы Риота Муратаға (16-2, 13 КО) қарсы жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. «Головкин жапон боксшысын қарсыласы етіп таңдады. Ол – чемпион, сондықтан бұның да рөлі зор. Оның таңдауын құрметтеймін», – деді Бельтран.

Риота Мурата WBA Super нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы болса, Головкин – IBF және IBO белбеулерінің иегері. Сонымен қатар, осы жылдың қыркүйегінде өтуі мүмкін Геннадий Головкин - Сауль «Канело» Альварес трилогиясы туралы әңгіме басылар емес.