Елордада ауа райының қолайсыздығына байланысты бір әуе рейсі тоқтатылып, тағы бірнеше рейс қосалқы әуежайға жіберілген, деп хабарлайды «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының» баспасөз қызметі.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты «Нұр-Сұлтан-Жезқазған» авиарейсі тоқтатылды. Сағат 11:00-ден 18:00 аралығындағы дауылды ескертуге байланысты жел 12 м/с дейін күшейіп, екпіні 17 м/с дейін жетеді деп болжанған. Сондай-ақ қосалқы әуежай Алматыға «Шымкент-Нұр-Сұлтан» рейсі және №КС7342 «Қостанай-Нұр-Сұлтан» рейсі жіберілді», - деді әуежайдың баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов.
Жолаушылар рейске қатысты толық ақпаратты әуежайдың анықтама бөлімінен және әлеуметтік желідегі парақшаларынан, сондай-ақ авикомпаниялардың колл орталықтарынан біле алады.