$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да алма езбесі өндірілетін болды

Оңтүстік Қазақстан облысында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай алма езбесін өндіру ісі қолға алынады. Бұл үшін Арыс ауданында алма бауының 120 га алқабына жеміс егілді. "Қазына жер LTD” серіктестігіне қарасты аймақта қазір күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде деп хабарлайды жергілікті БАҚ өкілдері.

Шаруалардың сөзінше, биыл баудан алынатын өнімнің көлемі мол болмақ. Бағбандар 300 тонна алма жинауды көздеп отыр. Оның басым бөлігі аудандағы қызанақ өңдеу зауытына жіберіліп, алма езбесі дайындалады.

«Биыл алма езбесін дайындау үшін толық дайынбыз деп айта аламыз. Өйткені былтыр, 2015 жылы бұл үшін зауытта тәжірбие жұмыстарын жүргіздік. Бұл үшін зауытта барлық қажетті аппаратымыз бар», - дейді директордың өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Қуаныш Омар.

Мұнда алма езбесінен бөлек басқа да өңделген көкөніс, жеміс өнімдері бар. Олар өңірдегі сауда орындарына шығарыла бастаған. Серіктестік басшысы отандық өнімдерді тапсырыс бойынша шет елдерге де эскпорттамақ.

Айта кетейік, облыста алмамен бірге жүзім жемісінің өсіру ісі де оң жолға қойылған. Мәселен, соңғы бір жылдың көлемінде Шардара ауданындағы Тұрысбеков ауылдық округінде 220 гектарға, Жаушықұм ауылында 55 гектарға, Қоссейіт ауылында 13 гектарға жүзім көшеттері отырғызылған. Жүзімнің «тайфи розовый» сортын еккен шаруалар өнімді үш жылдан соң алатынын айтуда. Ал ауданда 209 гектар жерге егілген жүзім алқабынан өнім жиналуда. Бүгінгі күнге гектарына 35 цн өнім алған диқандар 731,5 тонна жүзім жинаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары