Ұлыбританияның құпия өлімді зерттейтін ресми өкілі Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Назарбаевтың қазасына есірткіге тәуелділік себеп болды деген қорытынды жасады. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлайды.
Зерттеу нәтижесі 24 наурызда жарияланды. Оның нәтижесі бұрынғы президенттің немересінің қазасы төңірегіндегі түрлі күдік-дүдәмалдарды сейілтеді деп айтылады. Айсұлтан 2020 жылы 16 тамызда Лондондағы саябақтан ессіз күйде табылған еді. Кейінірек оның қайтыс болғаны жайлы хабар тарады.
Айсұлтан Назарбаев жылдар бойы есірткіге тәуелділікпен күрескен. Ол сонымен бірге өзінің отбасын бірнеше рет жемқорлық үшін айыптаған. Бұл оның қазасына байланысты түрлі жорамалдардың туындауына себеп болған еді.
Сараптама кезінде аға коронер Фиона Уилкокс оқиғаны есірткімен байланысты деп сипаттаған куәгерлер, полиция қызметкерлері және писхиатрдың сөздерімен келіскен.
"Айсұлтан табиғи себеппен қайтыс болды деп санаймын; ол кокаинға тәуелділіктің нәтижесінде қайтыс болды", - деді Уилкокс тыңдау қорытындысы кезінде.
30 жасқа шыққан Айсұлтан Назарбаев - Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның бұрынғы күйеуі марқұм Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысына айналған Рахат Алиев 2015 жылы Австрия түрмесінде тергеуде жатып қайтыс болған.
Былтыр жыл басында Айсұлтан Назарбаев Ұлыбританиядан саяси баспана сұраған. Кейінгі жылдары ол өзінің жақын туыстарына түрлі деңгейде айып тағып, Қазақстан билігін сынаған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Financial Times газеті Қазақстанның Тұңғыш президентінің немересі Айсұлтан Назарбаев кокаиннің артық дозалануынан қайтыс болғаны туралы хабарлаған болатын.