Алматы облысында тұратын ретро-көлік жинаушы Мейірхан Кәрібаев ескі техникаларды сақтауға қалтасы көтермейтінін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кейбірінің зауыттан шыққанына бір ғасырға жуықтаған көліктер қазір шаң басып тұр. Олардың кейбірі қазақтың тарихи туындыларын түсіруде пайдаланылған.
Алматы облысының Абай ауылында тұратын Мейірхан Кәрібаев жиырма жылдан бері ретро-көліктерді жинаумен айналысады. Бүгінде оның ауласында әртүрлі санаттағы 25 автомобиль бар. Ішіндегі ең ескісі – 1936 жылы Италияда құрастырылған «Фиат» машинасы. Одан кейінгісі 1942 жылғы «Газ-67» әскери көлігі. Ұлы Отан соғысынан аман қалған техниканы ардагердің отбасын әрең көндіріп, 5 мың долларға сатып алған. Бұл техника талай рет соғыс туралы фильмдерде пайдаланған.
«Бұл машинаны мен 10 жыл жүріп бір адамдардан сатып алғанмын. Бұл соғыста тарих бойынша бір командирді құтқарған. Осыны сыйлық ретінде жүргізушісіне берген. Ол шал немересіне берген. Мен киноға қоямын, қолданамыз, халық көрсін дегеннен кейін бұны сатты маған», - дейді ретро-көлік жинаушы Мейірхан Кәрібаев.
Мұнда «Газ-01», «Газ-51» жүк көліктері, Кеңес Одағындағы партия хатшылары мінген «Зим» мен «Волга», басқа да жеңіл көліктер бар.
Мейірхан Кәрібаевтың ретро-көліктерін «Балалық шағымның аспаны», «Анаға апарар жол», «Балуан Шолақ» сынды тарихи кинолардың көбінен көруге болады. Қазір шаң басып тұрғанымен, барлығы жүріске жарамды екен.
Өмірінің жиырма жылын ретро-көліктер жинауға арнаған Мейірхан Кәрібаев бүгінде жәдігерлерді сақтауға ақшаның қолбайлау болып тұрғанын айтады. Мұражай ашсам деген арманы да қаражаттың тапшылығынан жүзеге аспай тұр. Оның ендігі бір мақсаты – қолдаушылар тауып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ретро көліктер шеруін ұйымдастыру.
«Соңғы уақытта көліктерді сақтауда сәл қиналып жатырмыз. Егер жағдай жақсы болмай жатса, киноға түсірілмесе, бұлардың бәрін сату керек», - дейді Мейірхан Кәрібаев.
Мейірханның иелігінде 1945 жылғы паровоз бен 6 вагоны бар. Ауыр техника тек түсірілім кезінде қолданылады. Коллекция жинаушы отарбаны Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха қаласынан, вагондарын Қызылордадан сатып алыпты.
«Тарихи мұраны сақтауға Үкіметтен қолдау болмаса, қара темір ретінде сатудан басқа амал жоқ», - дейді ол.