$ 498.34  519.72  4.85

Астаналықтарды сәуір айында жаппай вакциналау басталатын болды

Сонымен бірге, басқарма басшысы вакциналаудың тегін жүргізілетінін еске салды.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Сәуір айының екінші жартысында Нұр-Сұлтан тұрғындарын жаппай вакциналау басталады.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сәуірдің екінші жартысында халықты жаппай вакциналауға кірісуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта халықтың декреттелген тобы екпе алып жатыр: дәрігерлер, педагогтар, шұғыл қызметтер, әлеуметтік мекемелердің контингенті. Сонымен бірге біз созылмалы аурулары бар адамдарды вакциналауды бастадық. Осы тұста түсініспеушілік туындап, тұтас халықты вакциналау басталып кетті деп ойлайтындар бар екен. Иә, біздің кейбір емханаларымыз вакциналауды бастады, бірақ бұл созылмалы аурулары бар адамдар ғана үшін, біз мұны ескеріп, оларды бірінші вакциналауға тырысамыз», - деді Т. Мұратов елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.

Сонымен бірге, басқарма басшысы вакциналаудың тегін жүргізілетінін еске салды.

«Біз вакциналауды ұйымдасқан түрде жүргіземіз. Емханалар, егу кабинеттері арқылы өзіміз шақыруға тырысамыз, бірақ қажеттілік туындаса, мобильді топтарды қоғамдық орындарға жіберуіміз мүмкін. Күн жылынған соң, бұл нұсқа қарастырылады», - дейді Т. Мұратов.

Бұған дейін Тимур Мұратов елордадағы эпидемиологиялық жағдайды шілде айындағы ауыр кезеңге теңеген еді.

Коронавирус инфекциясы науқастарының өсімі Наурыз мейрамынан кейін байқалды. Астаналық дәрігерлер мен барлық медициналық қызметкерлер қайтадан екі есе жүктемеде жұмыс істеп жатыр.

КВИ-мен күресу үшін 11 стационар ұйымдастырылды, оның ішінде 10 инфекциялық, бір карантиндік стационар («Ramada Plaza» қонақ үйі базасында) бар. Қосымша үш ұйымның базасында 300 инфекциялық төсек-орын ашылуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары