Қазақстандық мамандар нанотехнологияға негіздеп жасаған 2 вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеуге алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының Facebook-тегі парақшасында осындай ақпарат жарияланды.
«Серіктестерімізге, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұжымына және ректорына, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Есполов Тілектес Исабайұлына COVID-19 пандемиясымен күреске бағытталған ғылыми зерттеулерді толық қолдағаны үшін алғыс білдіреміз!
Осы уақытқа дейін ҚазҰАУ халықаралық вакцинология орталығының директоры Табынов Қайсардың жетекшілігімен біріккен зерттеу тобы орталық референттік зертхана базасында 2020 жылдың маусым және желтоқсан айларында SARS-CoV-2 вирусының 12-ге жуық штамын бөліп шығарды. Жақында ғана бірлескен зерттеу тобының жедел және үйлесімді жұмысының арқасында Қазақстан аумағында тіркелген британдық және оңтүстік африкалық штамдарға тән SARS-CoV-2 вирусының мутациялары салыстырмалы түрде қысқа мерзімде расталды.
Қазіргі уақытта аталған вирустарды бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл вирустардың болуы біздің ғалымдарымызға COVID-19-ға қарсы отандық, сондай-ақ шетелдік вакциналық және дәрілік препараттардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді», - жазылған әлеуметтік желіде жарияланған мәліметте.
Орталық мамандары аталған штамдардың бар екенін дер кезінде анықтау мутациялардың көптеп таралуына жол бермеу үшін өте маңызды екенін айтады.
«Бүгінгі таңда екі вакцина алынды. Олар – наноэмульсиялық май адъювантына негізделген субуниттік вакцина және нанобөлшектерге негізделген вакцина. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оларды Naruvax-C19 және NARUVAX-C19/Nano деген атаумен «кандидат вакциналардың» тізіліміне енгізді. Қазіргі таңда бұл екпелер біздің ғылыми орталықта жануарларға сыналып жатыр. Яғни, клиникаға дейінгі SPF-зерттеулерінің соңғы кезеңінен өтуде», - делінген орталықтың ресми ақпаратында.