$ 448.56  478.03  4.79

BI Group нысанында қыз зорланған: қоғам белсенділері Айдын Рахымбаевқа жүгінді (ВИДЕО)

Қыз құлап бара жатқанда басын ұрып алған. Сонда ол өзіне шабуылдаған ер адамға жалынып, ақылға келуін сұраған.

«НеМолчиKZ» қоры BI Group нысаны аумағында адам зорланғаны туралы фактіні хабарлады.

«Ол BI Group құрылыс алаңында - «Миленбаев» мердігер компаниясында лифтші, кілт беруші болып жұмыс істеген. Сондай-ақ оның міндетіне бояу (сыр) үлестіру кірген. Одан бояу алуға үнемі Ж.Н есімді «BIGBRO GROUP» ЖШС мердігер ұйымының сырлаушылар бригадирі келген.

Бригадир оқиғаға дейін де бірнеше мәрте дәмесін білдіріп, жәбірленуші жігіті барын айтып, артық әңгімеден қашқақтаған», - деп хабарланды «НеМолчиKZ» қорынан.

Жәбірленушінің айтуынша, бригадир оны 2021 жылдың 21 наурызында әлдебір ұсыныспен шақырған.

«Шамамен сағат 19:30-да құрылыс алаңының алдында сөйлесіп, бригадир күзетшілер мен кезекшілер бақылап тұрғанын, сол себепті каптеркаға барып сөйлесуге ұсыныс жасаған. Сол жерде бос жұмыс орны барын, жұмыстың көлемі жайлы айта бастаған. Сосын ол (жәбірленуші – ред.) ойлану керектігін, жауабын кейін беретінін, өзін сыртта жігіті күтіп тұрғанын айтқан. Сол сәтте оған жігіті хабарласып, қыз шығатынын жеткізген. Ол кезде сағат тілі 19:55-ті көрсеткен», - делінген қордың хабарламасында.

Сол кезде сыртқа шықпақ болған қызға ер адам шабуыл жасап, оны қылқындырған. Қыз құлап бара жатқанда басын ұрып алған. Сонда ол өзіне шабуылдаған ер адамға жалынып, ақылға келуін сұраған.

«Сосын ол айқайға басып: «Аузыңды жап, менде шегінерге жол жоқ!» деген. Сосын басынан, бетінен ұрған. Қанжарын шығарып, қызды қорқытып, оны зорлаған.

Сол аралықта қызды сыртта күтіп тұрған жігіті қайта-қайта қоңырау шалған. Сонда Ж.Н (бригадир – ред.) қызды телефонын сөндіруге мәжбүрлеген.

Сосын қызды сыра ішуге мәжбүрлеп, қорқытуын, ұруын жалғастырған. Бұл жағдай сағат 21:30-ға дейін жалғасқан. Ер адам екінші мәрте жыныстық қатынасқа түскісі келгенде, қыз жылап, ең болмаса музыка қосуын өтінген. Ол музыка қосса жылағанын қоюға уәде беріп, қолына смартфоны тигенде түнгі ауысыммен жұмыс істейтін әріптесіне зорланып жатқанын айтып, бірнеше хабарлама жіберіп үлгерген», - деп хабарлады.

Түнгі ауысыммен істейтін жұмысшы қызды күзетшілердің көмегімен тауып алып, оқиға орнына полиция шақырған. Күдікті сол жерде ұсталған. Алайда, арада үш күн өткен соң ер адам ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

«Миленбаев» компаниясының басшылығы қызға қысым көрсетіп, арызын қайтып алу үшін қалағанынша ақша беру туралы ұсыныс жасаған. Ал Наурыз мерекесі өткен соң ол жұмыстан босатылғанын, орнына басқа біреуді алғанын білген. Ол тиісті бұйрықты, жұмыстан шығаруға негіз болатын себепті талап еткенде, оған мердігер компания тарапынан бұл ұжымда ешкім ресми жұмыс істемейтінін жеткізген», - деп хабарланды.

BI Group компаниясы тарапынан бұл үндеуге жауап беріп, қазір құқық қорғау органдарымен бірлесіп, істің мән-жайын анықтау үшін жедел топ құрылғанын, мәселе күн тәртібінде екенін айтқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары