Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының орынбасары Бағлан Сматаева ертеңнен бастап 1 тамызға дейін 1-сыныпқа құжат қабылдау басталатынын айта келе ерекше білімді қажет ететін балаларды қабылдау қалай жүзеге асырылатынын түсіндіріп өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Ертең, яғни 1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау басталып, осы жылдың 1 тамызына дейін жалғасатынын айтып кеткім келеді. Ата-аналар құжаттарын «электрондық үкімет» порталы арқылы бере алады», - дейді Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева.
Оның айтуынша бірінші сыныпқа мынадай құжаттар қажет:
- ата-анадан өтініш; - баланың туу туралы куәлігі; - денсаулығы жөнінде анықтама ( № 063/у және № 026/у-3 формасы) - баланың үште төрт фотосы екі дана.
«Ал ерекше білімді қажет ететін балаларды қабылдау ата-анасының келісімімен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы негізінде жүргізілетінін атап өткім келеді. Сондай-ақ, санитарлық нормаларды сақтай отырып, мамандандырылған білім беру ұйымдарына конкурстық іріктеу 1-20 маусым аралығында оффлайн (тестілеу) режимінде өтеді, ал өтініштерді қабылдау 1 наурыз бен 15 сәуір аралығында ережеге сәйкес сәйкес өтетінін хабарлаймыз», - дейді ведомство басшысының орынбасары.
Ал қосымша білім беру ұйымдарында оқу процесі ата-аналардың өтініштерінің негізінде 10 адамнан аспайтын кезекші топтарда сағат 09:00-18:00-ге дейін алдын ала жазылу бойынша да жалғасады.
«Жалпы білім беретін мектептер жанындағы қосымша білім беру ұйымдары филиалдарының қызметіне тыйым салынды, филиалдар тек жеке орналасқан үй-жайларда жұмысын жалғастыруда», - деді ол.
Сондай-ақ, ата-аналар барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, бірінші сыныпқа құжаттарды қағаз түрінде ұсына алады.