«Жер комиссиясын басқарушылар құрамында азаматтық қоғам өкілдері де болуы керек». Мұхтар Тайжан Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаровтың комиссия төрағасының жалғыз орынбасары болып бекітілгеніне наразы екенін айтады. Ол комиссия басшысының орынбасарлары ретінде қоғамға белгілі азаматтар да енсін деген талап қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қоғам белсендісі Премьер-министр Асқар Маминге үндеу жолдап, комиссия төрағасының орынбасарлығына тағы бір адамды қосуды сұрады. Оның ойынша, ауылшаруашылық министрі бұл ауқымды шаруамен жалғыз өзі айналыспауы керек. Жер мәселелері бойынша ойын еркін айтатын және белгілі бір мүддеге жұмыс істемейтін қоғамда беделді тұлғалар да комиссия жетекшілігіне кірсін деген талабын жеткізді.
«Жер комиссиясында ешқандай да «қоңырау шалу» арқылы сырттай дауыс беру деген болмауы керек. Барлығы ашық талқыланып, дауыс беру де ашық жүруі тиіс. Кешке жер комиссиясы чатында жұмыс топтарының құрамы және жетекшілері бойынша осындай «сырттай» дауыс беру хаттамасын көріп қалдым. Қандай сырттай дауыс беру хаттамасы туралы әңгіме болуы мүмкін, егер мен ол туралы бірінші рет естіп тұрсам? Мен ешқандай да сырттай дауыс беруге қатысқан жоқпын. Ал егер ертең басқа да маңызды мәселелер бойынша тағы да осылай «телефон шалу арқылы сырттай» дауыс беру ұйымдастырылса не болады? Сондықтан, монополизмге жол бермеуді сұраймын.
Мен үкімет басшысынан комиссия құрамына төраға орынбасары ретінде Ақылбек Күрішбаевты (бұрынғы АШМ, қазір сенатор-ред.) ұсынамын. Ол тәжірибелі маман, онымен алғашқы жер комиссиясында да бірге жұмыс істегенбіз. Ғылымнан хабары бар, ұйымдастыру тәжірибесі де жетеді. Ал жұмысшы топтарының жетекшілігіне қоғам белсенділерінің барғанын қалаймын. Экономикалық топқа жетекші болуға өз кандидатурамды, ал заңгерлік тобына Бақытжан Базарбекті ұсынамын. Сол кезде қандай да бір сырттай шешімдердің болмайтынына сенімді әрі өз жұмысымызды алаңсыз істейтін боламыз», - дейді Мұхтар Тайжан.
Айта кетейік, биыл 23 наурызда Премьер-министр Асқар Мамин «Жер реформасы бойынша комиссия құру туралы» өкімге қол қойды. Құжатта комиссияның жалпы ережелері, міндеттері, комиссия жұмысын ұйымдастыру, оның тәртібі мен құрамы көрсетілген болатын. Жер комиссияның төрағасы қызметіне вице-премьер Ералы Тоғжанов тағайындалды. Ал ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров оның орынбасары болып бекітілген.