01.04.2021, 16:20

«Түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырамын» – Тоқаев

Фото: akorda.kz
Бұл жыл пандемиямен күрестегі түбегейлі бетбұрыстың және коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс

Бұл туралы Мемлекет басшысы еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорданың twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.

«Азаматтарымызды екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырамын. Біз, ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: халқымыздың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцинациялауды табысты өткізуімізге байланысты», – деді Президент.

Сонымен қатар, биылғы жыл коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс екендігін айтты.

«Биыл – қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл жыл пандемиямен күрестегі түбегейлі бетбұрыстың және коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс деп санаймын», – деді отырыста.