$ 494.87  520.65  4.91

«Жан-жақты қыз еді»: Аяжанның ұстаздары ол жайлы ойларын айтты (ВИДЕО)

"Аяжан күдіктінің үйіне 500 мың теңге үшін барған" дегенге сенбейді.

Кісі қолынан қаза тапқан Аяжан Еділованың денесін жақындары әлі жер қойнына тапсыра алмай отыр. Мұны марқұмның туыстары айтты деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Аяжан пәктігін саудалаған деген ақпаратты ол оқыған колледж ұстаздары жоққа шығарып отыр. Олар бойжеткеннің оқуда озат, әрі тәрбиелі болғанын жеткізді. Сол себепті "Аяжан күдіктінің үйіне 500 мың теңге үшін барған" дегенге сенбейді. 

"Мен мүлде келіспеймін бұл пікірмен. Себебі ол қызды мен басқа жағынан білемін. Қазақи, қарапайым қыз болған. Өзінің сөйлесіп жүрген жолдасы болды. Осы соңғы курсы еді, 4 жыл бойы осы колледжде оқып шықты, бірінші курстан бастап грантта оқыды. Үлгілі, үздік оқушылардың бірі болды", - деді ұстазы Томирис Кустова.

Марқұм дизайн және технология мамандығына түскен. Кейін киім дизайнымен әуестеніпті. Жасаған жұмыстарын әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеп отырған. Колледж директоры, бойжеткеннің қосымша сән салонында да жұмыс істегенін растады.

"Еділова Аяжанның өзінің коллекциялары болатын. Ол өзінің жұмысын өте ерте бастады. Басқа студенттер одан үлгі алатындай жан-жақты қыз еді. Бос уақыты болмайтын бізге көмектесетін. Артық жүрісін ешқашан байқамағанмын", - деп ағынан жарылды "Сымбат" дизайн және технология академиясы коледжінің директоры Гүлнәр Оразымбетова Түрік тілінің ұстазы Әйгенім Үсенова, Аяжанның арманы асқақ еді деп еске алды. Оның тіл үйреніп, шетелге барып жұмыс істеуді жоспарлағаны да айтылды.   

"Жексенбі күні 14-і күні ол менде оқыды. Сосын 17-сіне оқыды. Сол уақытта аптасына үш рет келсем деп айтты. Мен жазға дейін түрікше үйренсем қалай болады деді. Аяжанды ондай жеңіл жүрісті қыз деп айта алмаймын. Өте аңқау қыз, алдап шақыруы мүмкін", - деді мұғалімі.

Аяжанның туыстары марқұмның денесін әлі жер қойнына тапсыра алмай отырғандарын айтты. Олар тергеу салдарынан дене бөлшектері бізге берілмей отыр дейді. Ал қоғамда тараған қауесет әңгімелер күдіктінің жазасын жеңілдету мақсатында деп топшылауда. Аты шулы іске қатысты ішкі істер министрлігі де түсінік берді.

"Бұл қылмыстық істі 26-шы наурыздан бастап арнайы прокурорлар жан-жақты тергеп жатыр. Біз тергеу барысын жария ете алмаймыз. Оны таратуға немесе қандай да бір ақпарат айтуға құқығымыз жоқ. Қазір 28 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр", - деді ішкі істер министрлігі тергеу бөлімінің басшысы. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары