ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер реформасы комиссиясының екінші отырысында экономикалық жұмыс тобының жетекшісі Ақылбек Күрішбаев жұмыс тобы отырысының нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экономикалық мәселелер бойынша жұмыс тобының отырысында 6 мәселе қаралды. Отырысқа жұмыс тобының 33 мүшесінің 30-ы қатысты. Қазіргі уақытта ең өзекті мәселенің бірі – жер ресурстарын бақылау бойынша бірыңғай мемлекеттік жүйені құру. Қазіргі уақытта ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқаратын комитетінде тек орталық аппарат қалған. Ол жерде 38 адам жұмыс істейді. Барлық аймақтық жер инспекциялары 2014 жылы әкімдіктердің құзырына берілген. Яғни, әкім өзі жер береді, жерді өзі бақылайды. Осыған байланысты бірінші қараған мәселеміз - әкімдіктерден (жергілікті атқарушы органдардан) жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына мемлекеттік жер кадастрын жүргізу функцияларын бере отырып, жер ресурстарын басқару агенттігін құру», - дейді экономикалық жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаев.
Оның айтуынша, бұл ұсынысты отырысқа қатысқан жұмыс тобының 30 мүшесінің 27-і қолдады. Қарсы болғандар саны – 3 адам.
«Қарсы болған тұлғалар бұл принципке қарсы болған жоқ. Олар агенттік құрмай, жер ресурстарын басқару комитеті өз мекемесін құрып, ауыл шаруашылығы минситрлігінің құзырында қала беруді қолдады. Аталған мәселелерді шешудің бірден бір жолы – ол саланы толықтай цифрлық платформаға көшіру. Көпшіліктің басым дауыс беруімен жер ресурстарын басқару агенттігін құру туралы ұсыныс қабылданды», - дейді ол.