04.04.2021, 08:04

Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы болды

Фото: ашық дереккөзі
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті табысты аяқталды.

«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті табысты аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркітілдес елдердің басшылары бас қосқан стратегиялық маңызы зор жиында соңғы онжылдықтарда түркітілдес мемлекеттер қол жеткізген айтарлықтай саяси және әлеуметтік-экономикалық прогресс, Түркі әлеміндегі көпжақты қарым-қатынастардың дамуы, түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету сөз болды. Сонымен қатар, Саммит аясында Түркістан декларациясы қабылданып, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» ретінде ресми белгіленді.

Осыған орай, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

«Түркістан - сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын» деді. Бұл – Түркістанның алдағы уақытта да бауырлас елдерге ортақ рухани астана ретінде дами беретінінің дәлелі», -  деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Жиында сөз алған ғалым, философ-дінтанушы, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркология ғылыми–зерттеу институтының директоры Досай Кенжетай Ясауи тұлғасы жайлы тың-деректер мен маңызды ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, философия ғылымдарының докторы Әбуов Әміреқұл, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Гулирано Расулова, облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов, облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Хусейн Пазаевтар сөз алып, Түркістанның түркі жұртына ортақ рухани астана ретінде дамуы түбі бір бауырлас елдердің ынтымақ-бірлігінің артуына ықпал ететінін жеткізді.