04.04.2021, 13:50

Жаппай вакцинация басталды: Халықтың пікірі қандай

Фото: ашық дереккөзі
Мұғалім Алмас Күнғожин де коронавирусқа қарсы вакцина ектірген.

Вакцина салдырған қазақстандықтар алған әсері мен пікірін әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр. ҚазАқпарат бірқатар пікірге тоқталып, шолу жасайды.

«Спутник V» салдырдым. Коронавирус өршіп кеткенде, вакцина шықса салдырам деп ойлап жүруші едім, вакцина салдырудың реті бұнша тез болады деп күтпеппін. Терапевтім «салдырасыз ба?» деді, сөзге келместен тәуекел дедім. Белгілі дәрежеде реакция болатынын да білем, дәл маған келгенде сол реакция жеңіл болады деп үміттенем. Енді антидене қалыптасқанша сақ болу керек», - деп жазды «31 арнаның» ақпараттық бағдарламалар директоры Болат Мүрсәлім Facebook парақшасына.

Журналист Айдос Жұқанұлы да вакцина ектіріп, оған қатысты пікірін Facebook парақшасында жариялады.

«Алматы жұртының тәртіпке бағынуы қиын. Ығы-жығы халық. Сабылған көлік. Тіршілік үшін күрес. Кіріп шыққан қонақтарды, тіркеусіз елді қосқанда бұқара саны 3 млн-ға жуықтайды. Нұр-Сұлтандағыдай қашықтық сақтап, сол жағада жұмыс істеген түр көрсетіп отыра алмайсың. Оның үстіне науқастар күннен күнге көбейіп барады. Сондықтан сақтанбаса болмайды. Өз өмірім өзіме керек. Қазақ вакцинасын күтіп жүргенде тырапай асармын деп бүгін орыстікін ектірттім. Вакцина алғаннан кейін бірінші күнде бәрі ойдағыдай болды, екінші күні қандай күйде болғанымды ертең жазамын», - дейді ол.

Павлодарлық инфекционист Зарина Ескендірова да әлеуметтік желіде вакцина алуға қатысты ойын бөлісті.

«Мен не себепті вакцина салдырдым? Біріншіден, жұқпалы аурумен ауыратын науқастармен байланыста боламын. Бұл – менің жұмысым, сондықтан ешқандай қорғаныс киімі ауру жұқтырмайсың деген кепілдік бере алмайды. Екіншіден, маусым айында өзім де ауырдым, енді екінші рет ауырғым келмейді. Ауырғаннан кейін тұрақты иммунитет қалыптастауы мүмкін, ал вакцинадан кейін тұрақты иммунитет қалыптасады. Үшіншіден, мен ата-ана, туған-туыстарғаа ауру жұқтыратын вирус тасымалдаушысы болғым келмейді. Олармен де қарым-қатынаста болғандықтан, олардың да қауіпсіздігін ойлауым керек. Төртіншіден, мен «Спутник V» вакцинасына сенемін. Оның клиникалық сынақтан қалай өткені туралы танымал The Lancet журналына жарияланған. Оны әлемдегі 45 мемлекет қолданып жатыр, бұл - танымалдық жағынан AstraZeneca-дан кейінгі вакцина», - деп жазды ол Instagram парақшасына.

Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов бойын қорқыныш билесе де, вакцина ектіргенін жазды.

«Жексенбі күні болғанына қарамастан тұрғындарға жаппай вакцина егу басталды. Қорқыныш сезіміне қарамастан мен де вакцина ектірдім. Вакцина жасатып жатқан жастар көп. Кезекте тұрғандар көп. Дәрігерлер мен медбикелер, психологтар кім қорқып тұрғанын байқап қояды. Тамағымызды мұқият қарап, дене қызуы, қан қысымын өлшеп, денсаулыққа қатысты басқа да сұрақтар қойды. Аллергиямыз бар-жоғын сұрады. Екпе салғаннан кейін 30 минут отырасың және қандай күйде отырғаныңды қағазға түсіріп бересің. №9 емхана басшылығының екпе егу бойынша тәжірибесі бар. Олар жағдайды бақылауда ұстап отыр» деп жазады Марат Бәшімов.

Мұғалім Алмас Күнғожин де коронавирусқа қарсы вакцина ектірген.

«Кеше мен өзіме COVID-19-ға қарсы екпесін салғыздым. Бұл вакцинаны салдыруға көптеген күмәнданушылармен бірге қарсыластардың бар екенін білемін. Алайда инфекцияны жұқтырудың жанама әсерлері мен салдарын салыстыра келе, ғылыми қауымдастық, батыс және шығыс елдерінің коронавируспен күрестегі тәжірибесіне сенім білдірдім. Қазіргі жағдайда бізге бұл індетті жеңуге тек жаппай вакцинация ғана мүмкіндік бере алады деп ойлаймын», - деп жазды ол Facebook парақшасына.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы қаласында бір тәулікте 10 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын жазған болатынбыз.

«3 сәуір күні 9 975 алматылыққа коронавирусқа қарсы екпе салынды», - деп хабарлады Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Тегтер: вакцина