Шымкент әкімдігі коронавируспен күрестің жаңа насихат түрін ойлап тауыпты. Халықты жаппай бетперде тағуға шақырған билік тіпті Абай ескерткішіне де маска тағып қойыпты. Басқа да ескерткіштерге бетперде тағу жоспарын басшылық арнайы бекіткен. Алайда әлеуметтік желіде көпшілік биліктің бұл әрекетін қатты сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Шымкент әкімдігінің жаңаша тәсілі хакім Абайдың, Тұрар Рысқұловтың ескерткіштерін тұмшалаудан бастау алыпты. Мүсіндердің бетпердесі халықтың назарына тез іліккен. Бірақ биліктің күткен нәтижесінен гөрі, "мынасы несі?" деп таңданыс танытқандар көп болған сыңайлы. Бұл істі ескерткіштердің қазіргі бейнесін көрген халық та аса қолдай қоймады.
Ал билік креативті бастама індеттен сақтандыру, басқаларға ой салу, былайша айтқанда насихаттың түрі ғана деп түсіндіреді. Шарада қаланың төрт ауданы ескерткіштеріне маска тағу қарастырылған екен. Алайда наразылық себеп болды ма, бұл амал тоқтаған.
Жағдайға қалалық депутат түсініктеме берді.
"Бабалардың әруағына тиіскен мәселе деп санамаймын. Мен жаздым, ең болмағанда бір адам осы індеттен құтқарылса, болмаса бір адам болсын аз ауырса, ол осы акцияның нәтижесі болғаны. Ол оңды. Дұрыс деп айттым", - деді Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұқарбаев.
Бірақ шешімнің дұрыстығына сенімді әкімдіктің не себепті шараны жалғастырмай тоқтатқанын депутат мырза түсіндіре алмады.