Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Сыртқы істер министрін қабылдау кезінде халықты жаппай вакциналауды жеделдету үшін біріншіден, нарыққа вакцинаны тиісті мөлшерде жеткізу керек екенін, екіншіден, халыққа екпе салдырудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Қазір жұрттың көпшілігі бұл шараның маңыздылығын толық түсінбей жатыр. Әрине, біз вакцинаны тегін саламыз. Сондықтан мен өзім де вакцина егуден басқа жол жоқ екенін үнемі айтып келемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
6 сәуірде Мемлекет басшысы Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасын салдырды. Алайда, әлеуметтік желілерде азаматтар тарапынан Мемлекет басшысының бұған дейін қазақстандық вакцина салдырамын деп, бірақ оны күтпей, «Спутник-V» екпесін алғаны жөнінде сұрақтар жиі қойылуда. ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли бұл сұраққа жауап беріп, Тоқаевтың келесі жолы коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны салдыруға ниетті екенін мәлімдеді.