Парламентте бір ауыздан мақұлданып кеткен жер туралы заң қоғамда әлі қызу талқыға түсіп жатыр. Қоғам белсендісі Жанболат Мамай заңда жазылған «ауыл шаруашылығы жерлері» туралы бап елдің егемендігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты, деп жазады Skifnews.kz ақпарттық порталы.
«Билік “ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді” деп елді алдаусыратпақ.
Біріншіден, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерінен басқа да жер бар емес пе? Мысалы, өндірістік, зауыт-фабрикаға арналған жерлер. Оның көлемі 2-3 миллион гектарды құраса, бұл өте үлкен территория емес пе? Мысалы, Алматының аумағы 70 мың гектар шамасында. Яғни, 30 Алматының жерін Қытай зауыттарына берсе, бұл тәуелсіздікке қатер ғой!
Екіншіден, жердің бағытын өзгерту, яғни ауылшаруашылығы емес, өндірістік жерлер деп тану кімнің қолында? Биліктің! Міне, бұл да жерді шетелдіктерге саудаға түсірудің амалы болады.
Сондықтан, нақты талап қою керек: қай бағыттағы жер болсын шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді деп! Сонымен бірге, Қазақстан азаматтарына да ауыл шаруашылығы жерлері сатылмауы тиіс.
Міне, осы мәселені қалай да орындатайық! Керек болса, митингтерге де шығамыз!» дейді Жанболат Мамай.