Ақтөбе облысында «КамАЗ» жүргізушісі полиция қызметкерін қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«16 сәуірде Ақтөбе облысына қарасты патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Самара – Шымкент автожолында қызмет атқару кезінде Түркістан облысының 36 жастағы тұрғыны басқарып отырған «КамАЗ» автокөлігін тоқтатты. Көліктің жүргізуші жағындағы алдыңғы терезесінде сынықтар бары анықталды. Жүргізуші автомашинаны көлік жүретін бөлікке тоқтатып, осыған байланысты жүргізушіге сигналдық дауыстап сөйлейтін құрылғының көмегімен жүргізушінің автомашинаны жол жиегінде қайта оралуына ескерту жасалды», - делінген ПД хабарламасында.
Осы сәтте екінші «КамаАЗ» автокөлігі жақын жерде тоқтаған, сонымен қатар, ресейлік тіркеудегі, полиция қызметкерлерінің алғашқы көлікті тоқтату туралы шешіміне наразылығын көрсеткен жүргізуші сигнал бере бастайды. Осы сәтте алғашқы «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі өз көлігіне отырып, автожолды толығымен жауып тастаған.
«Ары қарай екінші «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі өз автокөлігімен жолдың қарсы жолағына шығып, полиция қызметкерін қағып кетті. Полиция қызметкері Ырғыз ауданының орталық аудандық ауруханасына жүгініп, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін босатылды», - делінген хабарламада.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК 380-бабы 3-бөлігі 1-тармағы «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Шабуыл жасаған жүргізуші ҚР ҚІЖК 128-бабының тәртібінде ұсталып, Ырғыз АПБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды.