19.04.2021, 17:40

«Тоқаевтың өзі мені депутаттыққа ұсынды» - Дана Нұржігіт

Фото: ашық дереккөзі
"Сондықтан саяси жолды мен таңдаған жоқпын",- дейді ол.

ҚР сенат депутаты, тележүргізуші Дана Нұржігіт саясатқа қалай келгенін айтты. Айтуынша, өзін депутаттыққа шақырған мемлекет басшысының өзі. Депутат Дана Нұржігіт саясатта қандай мәселе көтергенін айтып өтті. 

Бұл туралы "Ең алғашқы" бағдарламасыда айтылды.

Дана Нұржігіт өзін депутаттыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі шақырғанын айтты. 

"Президенттің сенат депутаттығын сайлауға заң бойынша квотасы бар. Сол заң бойынша берілген құқығын пайдаланып мемлекет басшысы осындай таңдау жасады. Мемлекет басшысының таңдауы маған түсті. Тоқаев мен жүргізген "Дара жолдың" тұрақты көрермені болған. Оңайкүл Тұржан біздің хабарда қонақ болғанда бүгінгі президентімін Қасым-Жомарт Кемелұлы ол кісіге алғыс хат жолдапты. Қазақ тілді БАҚ-ты президент жіті бақылайды, мұқият қарайды. Ол кісіге "Дара жол" арқылы танылдым ба деп ойлаймын. Сондықтан саяси жолды мен таңдаған жоқпын", - деді Дана Нұржігіт. 

"Жүйенің аты - жүйе. "Жүйенің құрбаны болудан қорықпайсыз ба?" деген қиын сұрақ. Бірақ ешқандай қорқыныш жоқ. Бәріне іштей дайынмын. Сынға да, шынға да", - дейді тележүргізуші. 

"Дана Нұржігіт өткен шақырылымда 11 заң жобасына депутат ретінде ат салысқан екен. Алайда депутаттық мандатын толық пайдаланып жатыр деп айта алмаймын. Дана Нұржігіт Қазақстанда сөз бостандығының қаншалықты төмен екенін біледі деп ойлаймын. Бірақ депутат бола отырып сенат қабырғасында бұл мәселені көтергенін көзім көрген жоқ. Өзінің алаңдаушылығын білдіретін болса, елімізді аз да болса алға жылжу болар ма еді деп ойлаймын", - деді саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.

"Мен бас прокуратураға педофилия жөнінде сауал жолдадым. Заңды қатаңдатуды ұсындым. Оған жауап та келді. Педофилдерге ешқандай рақымжылық жасалмайды. Қатаң бақылауда жазасын өтейді деп жауап берді. Одан бөлек көптен бері көтергім келген мәселеге енді ғана қол жеткіздім. Журналистердің үнемі таңдау алдында жүретіні. Бәріміз "жақсы бол" деген ата-ананың балаламыз. Бірақ кейде арнасы озып кетуі үшін журналистер кей қадамдарға барады. Журналисті ондай таңдау алдында қоймау керек. Барлық іс ұлттық құндылықар тұрғысынан, соның биігінен болса екен деймін. Осы мәселені жақын арада депутаттық сауал арқылы Асқар Маминге, президентке жеткіздім", - деді Дана Нұржігіт.