$ 446.49  475.38  4.79

«Ештеңеге қол қойған жоқпын!»: депутаттар жер дауына қатысты пікір білдірді

Бүгінгі күні қай депутат ашық түрде жерді шетелдіктерге беру керек деп айтады? Сату керек дегендер сол пікірін дәлелдесін.
Фото: коллаж SN.kz
Фото: коллаж SN.kz

Таяуда бірқатар БАҚ-та «Мәжіліс қабылдаған заң жобасында «орман шаруашылығы жерлері шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі» деген бап бар екені айтылды. «Нұр Отан» партиясының атынан Мәжіліске сайланған депутаттар Самат Мұсабаев, Ғани Ташқараев, Мейрамбек Төлепберген және Асқарбек Үйсімбаев шетелдіктерге жерді иелену құқығын қолдап дауыс берді» деген ақпарат әлеуметтік желіні ұлардай шулатты.

«Шетелдіктерге жер құқын беруді Мәжілістегі «Nur Otan» депутаттары талап етті» деген тақырыппен жарияланған ақпаратта: «Жер кодексінің 138-бабына сәйкес, «орман өсіру мақсатындағы қосалқы жерлер (земли запаса) осы Кодексте көрсетілген талап ережелеріне сәйкес, жекеге немесе жер пайдалану құқығымен беріледі. Оның үстіне, заң жобасының концепциясы тек ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді фермерлік (шаруа қожалықтарына) және ауыл шаруашылығы өндірісі мақсаттарына жекеге немесе жалға беруге тыйым салуды көздейді» дейді депутаттар», – деп жазылған.

«Әйгілі төрттік». Фото: ғаламтордан

Бұдан кейін бұл ақпаратты басқа да интернет сайттары іліп әкетті. Тіпті, қоғам белсенділері һәм Жер комиссиясының мүшелері Мұрат Әбенов пен Мұхтар Тайжан да әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Тағы бір қоғам белсендісі Жанболат Мамай: «Мәжіліс қабылдаған заң жобасында «орман шаруашылығы жерлері шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі» деген бап бар екен! Яғни, билік жұртты «ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге берілмейді» деп тыныштандырып, өздері «орман шаруашылығы жерлерін жалға беріп», арамза ойларын жүзеге асырмақ! Бұл бапты ұсынып, заң жобасына кіргізген «Нұр Отан» мен «Ақ жол» партияларының депутаттары болып шықты. Ұлт сатқындары кімдер екенін біле жүріңіздер! Демек, билік қазір тып-тыныш осы заңды қабылдатып, жерді оңды-солды Қытай компаниялары мен азаматтарына үлестіруге жол ашып алмақ. Қара орман жерімізді берсе, қазақтың елдігінен не қалмақ? Тәуелсіздік деген жай аты бар да, заты жоқ нәрсе болып қалмай ма?!», – деп жұртты дүрліктірген.

Nege.kz тілшісі шидің қайдан шыққанын білу үшін Парламент мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепбергенге хабарласты.

Мейрамбек Төлепберген, Мәжіліс депутаты: 

Ақиқаттан алыс ақпаратты бұрмалап таратпау керек

– Мейрамбек Мылтықбайұлы, «орман шаруашылығы жерлері шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі» деген бапты мақұлдап, дауыс бергендеріңіз рас па?

– Ештеңе қол қойған жоқпын. Ондайды білмеймін. Қайда қойыппыз? Ол – қате, бұрмаланған ақпарат. Шындыққа жанаспайды да. Соны Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбеновтер 4 депутаттың суретін салып, жариялапты. Соның ішінде мен де жүрмін. Мүлдем жаңсақ мәлімет.

Негізгі мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау. Бұл жобаны Парламент Мәжілісі мақұлдап, Парламент Сенатының қарауына жіберілді. Онда шетелдік жер пайдаланушылардың, шетелдік қатысумен бірлескен кәсіпорындардың, сондай-ақ қандастардың ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін иеленуіне толық тыйым салу енгізілді. Бұл – күн тәртібінде қаралып жатқан заң жобасы. Ауылшаруашылығы мақсаттағы жерлер ауқымды жер ғой. Онда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді деген ұстаным шегеленіп, рәсімделді. Болды, басқа ештеңе жоқ.

–​ Онда әлгіндей әңгіме қайдан шығып жүр?

– Білмеймін. Бірінші оқылымда: «Бұл – тарихи құжат. Жерді сатуға да, жалға да беруге болмайды. Өте дұрыс шешім», – дедім. Ал ешуақытта жалға беру керек деген айтқан емеспін. Негізі бұл ақпаратты шатыстырып жариялаған – ҚазТАГ. Бірақ Мұрат Әбенов сол күні алып тастады, ал Мұхтар Тайжан кейін түзету беріп, дұрыс түсінбей қалғанын жазды. Соның өзінде талай сайт, талай адам бір-бірінен іліп әкетіп, жариялап жіберді. Ақиқаттан алыс ақпаратты бұрмалап таратпау керек. Елді шатастыруға болмайды.

–​ Аты-жөндері аталған төрт депутат сотқа жүгінесіздер ме?

– Ондайды әлі ойластырған жоқпыз. Қазір ештеңе айта алмаймын.

Мұрат Әбенов, Жер комиссиясының мүшесі:

Кім ол, депутат деген?!

– «Төрт Депутат Тоқаевты тындамай, жерді шетелдіктерге жекеге беруді ұсынды. Халыққа қарсы шыққандарды парламенттен қуу керек» депсіз. Қазір мұның жалған ақпарат екені айтылып жатыр...

– Біз Жер комиссиясының мүшесіміз. Бұл – біздің өз пікіріміз.

– Сол депутаттың бірі Мейрамбек Төлепберген мұны жалған дейді.

– Ол жер комиссиясының мүшесі ме еді?

–​ Ол депутат қой...

– Бола берсін! Кім ол депутат деген?! Оның пікірі бізден артық па? Қай жері артық бізден? Сол төрт депутат «шетелдіктерге 25 жылға орман жерін жалға береміз» деген ұсыныс берген. Өздерінің айтқаны ғой. Ал анау біздің пікіріміз. Бүгінгі күні қай депутат ашық түрде жерді шетелдіктерге беру керек деп айтады? Сату керек дегендер сол пікірін дәлелдесін. Бірақ бәрі үндемей қалды. Одан бері неше күн өтті. Біреуі шығып: «Мен айттым, дұрыс беру керек. Ол жерлерді шетелдіктерден басқа ешкім игере алмайды» деп неге айтпайды? Неге сұхбат бермейді? Бәрі жауапкершіліктен қашып отыр. Егер жалған айтсақ, төртеуі шығып айтсын, мәлімдеме жасасын. Ал біз жер комиссиясының 10 мүшесі: «Жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін» дедік. Мұны президент Тоқаевтың өзі де қадап айтты. Жалпы, кім жерді шетелдіктерге сату керек десе, сол қоғамға қарсы шыққан адам.

– Қазір жер комиссиясының отырысында не талқыланып жатыр?

– Біз «жер сатылмасын» деген көзқарастан айнымаймыз. Қазір «жекеге сатайық, берейік» деушілер көп. Жалпы, орманды да шетелдіктерге беру керек деп ойламаймын. Сол депутатқа сайлаушылардың атынан жерді шетелдіктерге орман шаруашылығына беру туралы айтуға кім құқық берді?!  

Мұхтар Тайжан, Жер комиссиясының мүшесі: 

Фейк мәлімет ретінде өшірдім

–  Мұхтар Болатханұлы, «төрт депутат жерді шетелдіктерге жекеге беруді ұсынды» деген мәліметті сіз де жарияладыңыз ба?

– Иә, ол жалған ақпарат болып шықты.

–​ Қандай ақпарат көзіне сүйеніп жариялап едіңіз?

– Мұны азаматтық белсенді Махамбет Әбжан жариялады. Сосын ҚазТАГ-та шықты. Бұл ақпарат агенттігі жай бір агенттік емес қой.

Мәжілістің жұмыс тобы жетекшісі Берік Оспановтың ресми жауабын және басқа да дереккөздерді зерттедім. Қысқаша айттсақ, орман пайдалану – бұл дайын ормандарды пайдалану – Қазақстанда шетелдіктерге тыйым салынған. Бұл дұрыс. Орман өсіру – орман отырғызу – шетелдіктерге Қазақстанда рұқсат етілген. Бірқатар мұнай компаниялары мен жер қойнауын пайдаланушылар заң бойынша осылай жасауға міндетті. Бұл да дұрыс. Бұл терминдердің айырмашылығын білмедім. Сондықтан тыйымға қарамастан ормандарды шетелдіктерге жалға беруге рұқсат етілді деп ойладым. Сөйтіп, шетелдіктерге ормандарды жалға алуға рұқсат берілгені туралы ақпаратты фейк мәлімет ретінде өшірдім.

P.S. Сонымен, «әйгілі төртеудің» бірі – депутат Мейрамбек Төлепбепген «ештеңеге қол қойған жоқпын» дейді. Қоғам белсендісі Мұрат Әбеновтің жауабы екұшты шықты. Ал Мұхтар Тайжан ақталып үлгерді.

Жалпы, бұл әңгіме қайдан шықты өзі? Кімге сенеміз?

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#жер дауы