Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», деген болатын.
Расында да кешегі Кеңестік заманда сан мәрте бұрмаланып, коммунистік идеологияның қыспағына түсіп, өзгеріске көп ұшыраған салың бірі осы – тарих еді. Ресми трафареттің шырмауында болған тарих, қоғамның даму заңдылығын зерттейтін ғылымнан гөрі саяси-идеологиялық құралға айналды. Соның нәтижесінде тарихи зерттеулерде «ақтаңдақтар» деген ұғым пайда болды. Яғни, ғылымда не мүлдем айтылмайтын, не идеологиялық трафареттің шеңберінен шыға алмайтын бұрмаланған, бүркемеленген жасанды мәліметтер мен материалдар белең алды. Осының салдарынан тарих ғылымы өзінің объективтілігінен, шынайлығынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бір сөзбен айтқанда біздің тарихты тарихшылар емес, саясаткерлер жазды. Кеңестік кезеңде Президентіміз айтып отырған алаш арыстарының еңбен оқып, көпке насихаттау былай тұрсын, атын айтуға тыйым салынды. Бірлі-екілі зиялы қауым өкілдері жан баласына жақ ашпай, жасырын оқып жүрді.
Еліміз егемендігін алғаннан кейін өткен-кеткен тарихымызды қайта түгендей бастадық. 30 жылда аз жұмыс атқарылған жоқ. Дегенмен, ұлтымыздың терең тарихы әлі де зерттеуді, аршуды, жазуды қажет етеді. Бұл тұрғыда Президентіміздің «тарихты саясаткерлер емес, тарихшылар жазу керек» деген сөзі тарихшыларымызға және жас ғалымдарға үлкен қолдау болды.
Тәуелсіздіктен кейін ғылымға бет бұрған жастардың көбі Алаш идеясын үлгі тұтады. Бүгін де сондай алашшыл жастардың тынымсыз еңбегінен туған тырнақ алды еңбектері баспаға жол тартқаны туралы қуанышты хабар естідік.
Заңғар Кәрімхан, Елдос Тоқтарбай сынды жас ізденуші ғалымдар «Алаш кітапханасы» сериясы бойынша шығатын кітаптардың тізімін жариялап, көптен сүйінші сұрады.
«Біздің Qyr balasy қоғамдық қорында керемет жаңалық бар.
Қордың талантты ғалымдары, жас зерттеушілері дайындаған,
«Алаш кітапханасы» сериясы бойынша шығатын кітаптар баспаға кетті, жуық арада жарық көреді.
Біз бұл орайда бұрын-соңды шығармалары жинақ болып, кітап болып басылып шықпаған, әр жерде жарияланып, бір жерге жиналмаған зиялыларымыздың, есімінің өзі әлі де беймәлім Алаш арыстарын дәріптеуді қолға алдық. Ел президентінің гуманитарлық ғылым саласының ғалымдарынан күтіп отырғаны осындай еңбектер болса керек.
Сонымен соңғы екі айдың ішінде біздің қордың ғалымдары, жас зерттеушілері
1. "Ғазымбек Бірімжан. Шығармалар жинағы";
2. "Біләл Малдыбайұлы. Кенесары заманынан";
3. "Сейітбаттал Мұстафаұлы. Имам Ғазали";
4. "Абдолла Байтасұлы. Көркем әдебиет туралы";
5. "Біләл Сүлейұлы. Үміт" деген кітаптарды дайындады.
Бұл азаматтардың бәрі де Алаш зиялылары, мұғалімдері, агрономдары еді, бәрі де атылған, сотталған арыстар еді. Шама-шарқымызға еңбектерін жинап, оқырманға ұсынып отырмыз.
Сапалы әрі жаңа заманғы дизайнда, ішінде тарихи фотосуреттер, QR арқылы ашылатын видеолекциялар бар өзгеше бұл кітаптарды сатып алудың екі жолы бар: жаппай саудада (5+ кітап алатын болса) 2500 теңге, ал жекелей саудада 3000 теңгеден. Басқа да қосымша реквизиттер суретте көрсетілген.
Алаш арыстарының еңбектері, көтерген мәселелері қай кезде де өзекті. Бүгінгі Қазақсан тәуелсіздігінің заңды тарихи негізі Алаш автономиясының, Қазақ Республикасының жарқын болашағы жолында шаһид кеткен ерлердің ғибратты өмір жолын, рух берер жігер сөздерін оқып, тани жүріңіз!
Алла жар болсын. Алаш арыстарының аруағы разы болсын дейміз. Есіл ерлердің еңбегін ұлықтаудан шаршамайық», дейді Qyr balasy қоғамдық қорынын құрылтайшысы Заңғар Кәрімхан.