Отандық «QazVac» вакцинасы «Спутник V» секілді ең алдымен тәуекел топтарында жұмыс істеп жүрген азаматтарға салынады деп жазды azattyq-ruhy.kz.
Бұл туралы ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Саниятариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағүл ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
«Вакцина санының шектеулі болуына байланысты QazVac вакцинасы ең алдымен коронавирус инфекциясымен күресуде алдыңғы шепте жүрген мамандарға салынады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, педагогтар және полицейлер бар. Егер де вакцинаға қолжетімділік басым болып жатса, өзге де азаматтардың QazVac-ты қабылдауларына мүмкіндіктері болады», - деді Манар Смағүл.
Өз кезегінде Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева азаматтарға отандық вакцинаны салу бойынша тыңғылықты дайындықтар атқарылып жатқанын хабарлады.
«Елімізде шығарылып жатқан QazVac вакцинасы қазір өңірлерге жіберіліп жатыр. Бұған дейін 26 сәуірден бастап қазақстандықтарға QazVac вакцинасын салына бастайтындығы жөнінде айтылды. Қазір бұл бағытта мамандарды дайындап жатырмыз. Осыған байланысты бүгін ұлттық деңгейде вебинар-семинарын ұйымдастырудамыз», - деді Айнагүл Қуатбаева.
Сондай-ақ, қоғам арасында вакцинаның күші мен адам ағзасында қалыптасатын антиденелерге қатысты туындап жатқан түрлі сұрақтарға мамандар жауап қатты.
«Вакцина басқа ауруларды қоздырмайды. Өйткені бұл тірі вакцина емес. Антиденелер вакцинаның екінші дозасын қабылдағаннан кейін 35-45 күннен кейін ғана қалыптаса бастайды. Жалпы антиденелердің түзілуі әркімде әрқалай болуы мүмкін. Мәселен алкогольдік ішімдік ішкен адамның бойында бұл процесс өте баяу болады. Сондай-ақ иммунитеті төмен адамдарда да антидененің қалыптасуы ұзаққа созуылуы мүмкін. Бұдан бөлек әлемдегі 10 пайыз адамдардың ағзасында ешбір вакцинаның антиденесі түзілмейтінін айта кеткен жөн», - деді Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева.