$ 494.87  520.65  4.91

«Жанболат, кел!»: депутат Бейсембаев Мамайды дебатқа шақырды

Ол Мамайды ашық дебатқа шақырып отыр.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті дебатқа шақырған белсенді Жанболат Мамайдың бұл әрекетіне Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев шарасыздық деген баға берді. Бұл туралы ол журналист Нартай Аралбайға берген сұхбатында айтты.

Есте болса, қоғам белсендісі Жанболат Мамай Бауыржан Байбекті айыптап видеоролик жариялаған болатын. Артынша партия Төрағасының бірінші орынбасары бұл сынға жауап беріп, Мамайдың өзін жала жапқаны үшін сотқа беретінін мәлімдеген. Ал, белсенді Мамай Б.Байбекті дебатқа шақырып, тағы бір видеоролик жариялады.

«Бұл сасқан үйрек артымен жүзеді дегеннің кейпі. Қандай дебат, адамға жала жаптың ба, енді соттың алдында жауап бер. Айтылған сөз – атылған оқ. Заң саясаткерге де, қарапайым адамдарға ортақ. Ол ертең сот отырысын дебат ретінде пайдалансын, сол жерге бүкіл дәлелдерін алып келіп, айтқан сөздеріне жауап берсін», - дейді Е.Бейсенбаев.

Оның айтуынша, Бауыржан Байбек секілді саясаткердің өз басына қатысты айтылған айыптауларға дәл осылай ресми жауап беруі Қазақстанда бұрын болмаған.

«Бұл – прецедент. Бұған дейін Мамай Nur Otan-ға қатысты талай жала жапты. Бірақ, Бауыржан Байбек оған шүйліккен де жоқ, назар да аударған жоқ. Бірақ, мәселе жеке басына келгенде ол өз абыройын қорғап отыр. Бүгін өз мүддесін қорғай білген адам, ертең ел мүддесін қорғай алады. Біз саяси мәдениетті ел құрамыз десек, әрбір сөзімізге, ісімізге жауап беруіміз керек», - деді депутат.

Ол Жанболат Мамайды саясаткер ретінде де мойындамайтынын айтты. Ал, кредиттік амнистия деген бастамасын нағыз популистік қадам деп бағалап отыр.

«Жанболат Мамай саясаткер емес. Саясаткер деген мәселені шешуші адам, немесе нақты шешетін жолдарын көрсететін адам. Мамай не ұсынды? Демпартия деп жүр ғой, сол партиясының бағдарламасын оқып көрдіңіз бе? Демпартияның атынан белгілі бір ұсыныстар болды ма? Менің естігенім – кредиттік амнистия. Халықтың несиесін толық кешіру керек дейді. Бізде ондай мүмкіндік бар дейді. Кім кешіреді оны, банктер кешіре ме? Ал, банктердің шетелдегі қарыздарын сосын кім кешіреді? Жанболат өз қалтасынан төлей ме? Бұл таза популистік қадам. Саясаттан алыстау адамдарды осындай ісімен қасына тартып, топ ұйымдастыру деп баға беремін», - деп сөзін түйді Елнұр Бейсенбаев.

Ол сөз соңында Жанболат Мамайды ашық дебатқа шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары