Түркістан облысы Бәйдібек ауданында «Сарқырама» су қоймасы салынады деп жазды BAQ.KZ.
Жаңа жобаның құрылысы Ақбастау ауылдық округі аумағынан өтетін Бөген өзені бойынан жүргізіледі.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Бәйдібек ауданына барған жұмыс сапарында «Сарқырама» су қоймасы салынатын орынға барып, маңызды мәселені сала мамандарымен бірге талқылады. Облыс басшысы су қоймасының сыйымдылығын 50 млн текше ұлғайтуды ұсынды.
Түркістан облысының әкімі Бәйдібек ауданындағы бірқатар нысанды аралап, қарияларымен кездесті. Сапар барысында Мыңбұлақ ауыл округіне қарасты Қосбұлақ ауылында жаңадан бой көтерген 150 орындық мектепте болды. Заман талабына сай салынған нысан, биылғы жылдың тамыз айында ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Жаңа мектептің құрылысы екі жыл бұрын басталған. 150 орындық мектепте балалардың жан-жақты оқып-жетілуі үшін барлық жағдай жасалынатын болады.
Аймақ басшысы мал шаруашылығын дамыту бойынша енгізілген жаңа технология арқылы «Ақылды жайылым» жұмысымен танысты. Бәйдібек ауданы Жамбыл ауылындағы «Молшылық» шаруа қожалығы он жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Жайылымдық жерді тиімді пайдаланудың жолы - ақылды жайылым. «Ақылды жайылым» жобасы аясында күннен энергия алатын құрылғымен энергетикалық қоршау жасалынған. Төрт түлік сол қоршаудың ішінде ғана жайылады. Бұл шағын жерді бірнеше бөлікке бөліп, малдың кезек - кезек орнын ауыстырып, жайылымдық жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Ауданға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Мыңбұлақ елді мекеніндегі табиғи газ жүйесінің қазіргі жағдайын және газ құбырларын жүргізу жоспарларымен танысты. Бүгінгі таңда аудан аумағында орналасқан 10 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Сондай-ақ, биыл құрылысы жүргізіліп жатқан 7 елді мекен табиғи газбен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Мыңбұлақ елді мекеніне 2019 жылдан бері газ құбырының құрылысы жүргізілуде.