Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында тарихымыздың өткен ғасырдағы аштық сынды ақтандақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жатқанын, бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарап, зерттеулерді таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс екендігін айтқан еді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді.
Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», - деген еді.
Мақаланы оқып отырып сол бір нәубетті жылдардың қасіретті кезеңін көз алдыңа алып келетін мына бір оқиға ойыма оралды.
Бүгінде түркі әлеміне аты мәшһүр ғалым Мекемтас Мырзахметұлының ашаршылық жылдарындағы басынан өткен тағдырлы әрі жан түршігерлік оқиғасын естігенде тұла бойым қалтырап кеткен-ді. Ол кезде студентпін. Біз оқитын оқу орны Мекемтас Мырзахметұлының 75 жылдығына арнап халықаралық конференция ұйымдастырды. Жан-жақтан келген ғалымдар Мекемтас ағайдың еткен еңбегін, жасаған жұмысын, алған абыройын айтып жатты. Жиын ортасынан ауа мінберге көретілген кісі: «Мен рахметті Мекемтасқа емес, сол бір қиын сәтті Мекемтасты аман алып қалған анасына айтқым келіп тұр», деді. «Егер сол сәтте анасының ақылға салуға шамасы келмей абдырап қалғанда бізге бүгінгі Мекемтас жоқ еді», деп аз тоқтады. Зал толы адам әлгі кісінің аузын бағып отыр.
«Бұл 1932 жылдың қолдан жасалған нәубет жылдары болатын. Мекемтас өз аяғымен жүре алатыны болмаса, әлі бала еді», деп жалғады сөзін.
Сол ашаршылық жылдары ішерге ас таппай, ел босып кеткен. Бір күні таңертең тұрса жұртта Мекемтастың анасы екі баласымен ғана қалыпты. Бірі Мекемтас, екіншісі құндақтағы қыз бала. Өзге тірі жан жоқ. Елсіз жерде қашанғы отырсын, бұлар да ел бар жерге жетіп алайық деп, Мекемтасты жетектеп, құндақтағы қызын құшақтап беті ауған жаққа қарай кете береді. Елсіз далада келе қатқан үшеудің алдынан қас қылғандай бірнеше қасқыр қамап жүргізбейді. Қарсылық қыларға ананың қауқары жоқ. Өзін қасқырға жем қылайын десе бауырындағы балалары қашып құтыла алмайды. Осы сәтте қайсар ана құндақтағы қызын қасқырлардың алдына тастап, қасындағы ұлын ала қашады. Жанұшыра шыңғырған қыздың даусы ананың құлағын емес-ау жүрегін жарып барады. Бірақ басқа қылар амалы қайсы. Сол қашқан берінде қашып келіп жол бойынан бірнеше аттылы адамдарға жолығады. Ана байқұс болған оқиғаны әлгілерге баяндап береді. Аттылы азаматтар айтылған бағытқа қарай шаба жөнеледі. Алайда бәрі кеш еді.
Кейін неге қарқырлардың ортасына ұлды емес қызды қалдырдың дегендерге, «Мекемтасым атадан жалғыз еді. Бұны жоғалтсам бір әулеттің тұқымын құртқаным ғой. Ал мен олай жасай алмадым» депті. Жыларға жас, ішерге ас жоқ кезеңде де ұрпағының жалғасуын ойлаған қайран аналар-ай.
Сондай тағдырлы Мекемтас Мырзақметұлы сол анасының сенімін толық ақтады ғой деп ойлаймын. Бүгінде Мекемтас Мырзахметұлы кім десе білмейтін адам бар болса бар шығар, бірақ көп емес.
Бұл бір ғана отбасының тағдыры. Осы тақылеттес оқиға қанша қазақтың отбасында болғанын әлі зерттеп болған жоқпыз. Тарихымызды терең зерттеуге мұрағаттардың жабықтығы, құжаттары алудың қиындық тудыратыны айтылады. Ел Президенті бұл мәселені де тез арада оң шешілуіне пәрмен берді.
«Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс, - деді Президет Тоқаев.