$ 443.35  475.54  4.82

Жер комиссиясы маңызды шешім қабылдады

Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын».

Жер – мемлекет болып тұрудың ең басты тірегі. Жер жоқ болса мемлекет те жоқ. Қазақстанда соңғы бірнеше жылдан бері осы жер тақырыбында талқылау бір шешімін таппай келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына бұл мәселеген ерекше көңіл бөледі, деп жазады Skifnews.kz ақпарттық порталы.

«Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн», деп тапсырма берген болатын. 

Мемлекет басшысының осы тапсырмасы аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. 

Комиссия құрамы осы кезге дейін 5 отырыс өткізіп, қызу талқылау жасады. Жер мәселесіне келгенде комиссия құрамы ғана емес, жалпы халық пікір білдіріп, жерді сатпау туралы нақты ұстанымдарын айтты. Кеше комиссия соңғы 5-отырысында комиссия мүшелері бұрын жұмыс топтарында қаралған мәселелер бойынша дауыс берді.

Атап айтқанда, Жер кадастры мәліметтерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарына жалға берілген жер учаскелері бойынша кадастрлық ақпаратты, оның ішінде заңды тұлғаның атауы немесе жер пайдаланушылар болып табылатын азаматтардың тегін көруге мүмкіндік беретін норманы әзірлеу және Парламентке енгізу туралы ұсыныс қолдау тапты. Сондай-ақ, елді мекендердің айналасындағы қоғамдық жайылымдарға арналған жерлерді белгіленген радиус шегінде резервтеуді көздейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ұсынысы қабылданды.

Осыдан кейін қазақстандықтар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беру мәселесі қызу талқыға түсті. Бұл мәселеге келгенда алғаш болып сөз алған  ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров кейінгі уақыттары шетелдіктерге ауыл шаруашылықтарына қатысты жерді сату мен жалға беру мәселесі жиы талқыланып жүргенін, қазіргі таңды бұл мәселе өз шешімін тапқанын, яғни еліміздің ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайтынын ашық айтты.  

«Бұл ретте бизнесін тиімді дамытқысы келетін қазақстандықтарға ұзақмерзімді жалға алумен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатып алуға рұқсат беру болуы керек. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұстанымы: жерді пайдаланудың екі институтын да, қазақстандықтар үшін ұзақмерзімді жалдауды да, жекеменшікке алуды да сақтап қалу қажет. Қазақстандық жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы алқаптарына жекеменшік құқығы мен жалға алу құқығының экономикалық немесе шаруашылық тұрғысынан қайсысы қолайлы болса, соны өз бетінше таңдай алу құқығы болуы тиіс деп санаймыз. Егер біз шын мәнінде ашық нарықтық экономика мен тиімді кәсіпкерлік құруға ұмтылсақ, ерте ме, кеш пе Қазақстанда ауыл шаруашылығы жеріне толыққанды жекеменшік және оны сатып алу/сату бойынша еркін нарық пайда болады», - деді министр.

Дәл осы ауыл шаруашылығындағы жерді сату мәселесіне келгенде комиссия мүшелерінің пікірі үшке  жарылды. Олар: жекеменшікті жақтаушылар, тыйым салуды жақтаушылар және фермерлерге ұзақ мерзімге жалға берген дұрыс деп санайтындар.

Ауылшаруашылығы министрінің айтуынша, жалға берілген ауыл шаруашылығындағы жерлерді белгілі бір уақыт өткеннен кейін жекемшікке сату тиімді ұсыныс. Ал, ауыл шаруашылығ жерлерін жалға алып, оны пайдаланбайтын тұлғаларға салық немесе айыппұл түрінде жаза қолдану керек.

Министрдің бұл пікіріне «Dala Fruit» ЖШС директоры Болатбек Нажметдинұлы қолдау білдірді. Оның ойынша да ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтарының жекеменшігіне беру қажет екен.
«Қаланың ішіндегі зауыт пен фабрикаларға астындағы бірнеше ондаған гектар жерді сатып алуға мүмкіндік беріп, қойманың, бау-бақшаның, жылыжайдың, ет бордақылайтын алаңдардың, сүт пен ет фермаларының астындағы жерді жекеменшікке неге бере алмаймыз? Соны түсінбеймін. Алалаушылық неге бар?»,  деді Болатбек Нажметдинұлы.

Ал тағы бір тобы жер ешқашан сатылмау керек, мемлекеттің меншігі болып қалуы тиіс деген пікір білдірді. 
Себебі, бүгінгі ауыл тұрғындарының  жер сатып алатын қаражаттары жоқ. Ал сатып алатындар мүлдем басқа саланың адамдары. Олар жерді қайта сатып немесе жалға беріп пайда табуды ойлайды. 

Отырысты қорытындылаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл мәселеде нақты шешім қабылдауға әлі де ертелеу екенінін айтып,  алдағы уақытта әлі де болса егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды.

«Ауыл халқы болашақта осы мәселеге қатысты тікелей шешім қабылдауы керек шығар. Парламентте біраз мәселе көтерілетіні айтылды. Соның бәрін болашақта ескере отырып, осы іске аз дегенде 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт керек деген ойда отырмын. Асығыстық жасауға болмайды. Олай болса, жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды ұсынамыз. Бір ғана шешім болуы керек қой деп ойлаймын. Қазір бірнеше шешім қабылдауға, елді жан-жаққа тартуға еш қақымыз жоқ. Осы жердегі әрбір азамат жауапкершілікті мойнына алып отыр деп ойлаймын. Сондықтан, комиссия мүшелері осындай ортақ пікірге тоқталсақ деген ұсынысты ортаға саламын», - деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен бұл мәселе бір шешімін таба алмай тағы бес жылға ұзарды. Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын». Ал сол жерді сатпау, сақтау әрбір қазақ азаматының айнымас парызы. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары