Мониторинг топтары елордада кәсіпкерлік субъектілері арасында карантин режимін бұзушыларды тағы анықтады. Демалыс күндері жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан бірнеше қоғамдық тамақтану орны жұртшылықты қабылдаған, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, демалыс күндері қоғамдық тамақтану орындары жеткізу тәртібі арқылы ғана жұмыс істей алады, ал келушілерді қабылдауға тыйым салынған.
Мұндай талаптарға қарамастан бұзушылықтар жалғасты. Мәселен, мониторингтік топ Алматы ауданындағы «Шаңырақ» кафесінде өтіп жатқан туған күнді тоқтатты. Сондай-ақ, «Нұртау» БО мекемесінде 70-80 адамның болғаны анықталды.
Жұмыс режимін сақтамағаны үшін Бекарыс көшесіндегі сауна жауапқа тартылды. Сарыарқа ауданында орналасқан бірнеше мекеме карантинді бұзды деп айыпталды. Олар: «Палау орталығы», «Лагман орталығы», «Basilic» мейрамханасы, «Fakir Republic» кальян мекемесі.
Сондай-ақ, демалыс күндері Байқоңыр ауданындағы «Мангал» кафесі жұртшылықты қабылдаған.
Есіл ауданының мониторингтік тобы осындай бұзушылықтарды «Шик» спа-орталығында, сондай-ақ «Infornо» мейрамханасында да анықтады. Жиналған материалдың бәрі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шара қолдану және тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін тапсырылды.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан бір айдан астам уақыт эпиджағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта тұр. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда. Осыған байланысты елорда тұрғындары, қонақтары, кәсіпкерлік субъектілері қауіпті вирусты жаппай жұқтырмас үшін карантин режимін қатаң сақтауы керек.
Қазір қалада КВИ-ге қарсы халықты вакцинациялау белсенді жүргізілуде. МСАК мекемелерінде және «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр», «Абу-Даби Плаза» сияқты ірі сауда ойын-сауық орталықтарында барлығы 100 егу пункті ашылды. Тек жаппай вакцинациялау ұжымдық иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. Осының арқасында азаматтар өмірдің қалыпты жағдайына орала алады.