Кеше Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманованың тұтқынға алынғаны туралы жазған едік. Бүгін әлеуметтік желіде Светлана Жолмановаға қатысты тергеу-тінту жұмыстары барысында өте ірі көлемде ақша тәркіленгені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы белгілі заңгер Айгүл Орынбек өзінің facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Алматы қаласы, Медеу ауданы судьясы Светлана Жолманова парамен ұсталды.
Кабинетінде 4500$,
Үйін тінту барысында 2 800 000 $,
Ал жеке көлігінде 600 000 $
Застройщиктен - 1 180 000 $ пара алған!
Бір жәй ғана судьяның өзі осындай пара мен ұсталып отырса, төрағалар жұтып жатқан шығар ия?
Осыдан кейін «судьялар әділ шешім шығарады деп Жақып Асанов айтпай ақ қойса болады!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Басында айтып өткеніміздей, бұған дейінгі ресми мәліметтерде «судья сот шешімдерін мүдделі тұлғаның пайдасына шешуде көмек көрсетумен байланысты алаяқтық істерге қатысы бар деген күдікке ілінді», делінген болатын.
Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясын тексеру барысында ірі көлемдегі сомада ақша тәркіленді.
Бірлескен тексеруді Алматы қалалық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімі мен Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаменті жүргізген.
ҰҚК департаменті ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлімі, 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бас прокурор сотқа дейінгі тергеудің жүргізілуіне келісім берді.
Судья сот шешімдерін мүдделі тұлғаның пайдасына шешуде көмек көрсетумен байланысты алаяқтық істерге қатысы бар деген күдікке ілінді. Басқа мәлімет тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты хабарланбайды, - делінген Алматы қалалық сотының баспасөз хабарламасында.