"Қазгидромет" синоптиктері 2021 жылдың мамырына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мамандардың мәліметінше, мамырда жауын-шашын елдің солтүстік жартысында және елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы, тау бөктеріндегі аудандарда көбейеді. Мамырда ұзақ уақыт күн жылы болып, кейін ауа райы қайта суытуы мүмкін.
"Көпжылдық мәліметтерге сәйкес, оңтүстік аймақтарда аяз мамырдың бірінші жартысында, ал солтүстігінде - айдың соңында аяқталады. Бірақ кейбір жылдары оңтүстік аймақтарда аяз мамырдың соңында, солтүстік және шығыс аймақтарда тіпті маусым айында болуы мүмкін", - дейді сарапшылар.
3 мамырдан бастап еліміздің басым бөлігінде күн ашық болады, температура жоғарылай береді:
республиканың басым бөлігінде түнде +10+15 градусқа дейін, күндіз + 25 +30 градусқа дейін; еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығысында термометр бағандары түнде +15+20 градус, күндіз +30+38 градус белгісіне жетеді.
Тек Қазақстанның батыс жартысында Солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронттарға байланысты күн күркіреп жаңбыр жауады, жел күшейеді, күндіз ауа температурасының +20+28 градустан +13+18 градусқа дейін ауытқуы мүмкін.
Бірінші онкүндіктің ортасында республика аумағының кей жерлерінде екпінді желмен өткінші жаңбыр жауады. Бірінші онкүндіктің соңында батыс антициклоны келіп, Қазақстанның басым бөлігінде температураның 5-10 градусқа қысқа мерзімді төмендеуі күтіледі, солтүстік жартысында тағы да түнгі аяз 3 градусқа дейін болуы мүмкін.
"Консультативтік болжамға сәйкес, суық күндер екінші онкүндікте де болады. Елдің солтүстік жартысында ауа температурасы 5 градус аязға дейін, күндіз +10+15 градусқа дейін, оңтүстік жартысында түнде +3+10 градусқа дейін, күндіз +12+20 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде күн ыси бастайды, солтүстік өңірлерде ауа райы ыстық болады, күндіз ауа +25+33 градусқа дейін, оңтүстік жартысында +30+38 градусқа дейін жылынады", - деді синоптиктер.