Алматы облысында тасыған өзен көпірді шайып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алакөл ауданы аумағындағы облыстық маңызды бар Қабанбай-Лепсі автомобиль жолындағы көпірді кеше арнасынан асқан өзен бұзып кеткендіктен, Лепсіге қатынау үзілген.
«Өзен тасып жатыр. Көпірді бұзып кетті. Енді Лепсіге баратын жол жоқ. Жаңа көпір толық салынбаған», - дейді оқиға орнынан видео таратқан автор.
Таудағы қар суының еруінен Лепсі өзені арнасынан асып, тасыған. Оқиға орнына ТЖД, полиция, әкімдіктің өкілдері барған.
«Қазіргі кезде «Алакөл жолдары» және «СПМ-306» мекмелерінен 1 кран, 2 ауыр жүк көлігі, 2 тиегіш техникалары жұмылдырылып, көпірді қайта келтіру жұмыстары атқарылып жатыр. Аталған көпірдің құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, мердігер мекеме «СМП-306» ЖШС мекемесі», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.