$ 488.45  529.19  5.04

«Жұмысына салғырт қарағандар қара тізімге енсін!» - Бақытжан Сағынтаев

Алматыдағы Оқушылар сарайы, Әуезов театры және Қастеев атындағы мұражай маңындағы аумақтарға 10 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
фото: azattyq-ruhy.kz
фото: azattyq-ruhy.kz

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында өзен арналары, скверлер мен саябақтар, сонымен қатар, маңызды сәулет құрылыстарының қоғамдық кеңістіктерін аралады, деп хабарлайды Azattyүq Rýhy.

«Кіші Алматы мен Есентай өзендерінің су деңгейін өлшеу үшін автоматтандырылған қондырғылар орнатып, цифрландырылған шаруашылық жүргізу қажет. Бұл су деңгейі туралы жедел ақпарат алып, сел қаупі төнген жағдайда шара қолданып, өзен арнасындағы суды бақылауда ұстап отыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек, цифрландыру мәліметтер базасын құруға мүмкіндік береді, оның негізінде өзеннің маусымдық жағдайына талдау жүргізілетін болады. Осылайша, қала тұрғындарының сел қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі», - деді Б. Сағынтаев.


Жұмыс сапары барысында мегаполис әкімі Есентай өзені арнасының Жамақаев көшесінен бастап ұзындығы 4,2 км болатын су қорғау жолағы мен су бөлуге дейінгі аралықты реконструкциялау жобасымен танысты. Мұнда арнаны кеңейту және тереңдету бойынша дайындық жұмыстары жүргізілген.

Мегаполис әкімі Тереңқұрдағы жөндеу жұмыстарының сапасымен танысты. Оның айтуынша, осы жаяу жүргінші бағыты серуендеу аймақтарын құрудың үлгісі болу қажет.

Бақытжан Сағынтаев «Дружба» скверін көгалдандыру мен абаттандыру, сондай-ақ, Тимирязев көшесіндегі құрылысқа немқұрайлы қараған мердігердің кесірінен пайдалануға берілу мерзімі созылып кеткен «Дружба» саябағының жұмысының сапасын бағалады. Әкімнің тапсырысы бойынша барлық жұмыстар 15 мамырға дейін аяқталуы тиіс. Бұл ретте тиісті органдар мердігерге қатысты келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін, әрі сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланып, пайдалауға беру мерзімін кешіктіргені үшін де құқық қорғау органдары тексеріс жүргізетін болады. Одан бөлек, немқұрайлы қараған мердігерді қара тізімге енгізу де қарастырылуда.

«Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы қала кеңістіктерін ретке келтіру мерзімінің ұзарып, тұрғындардың ренішін туғызып, жұмысына немқұрайлы қарайтын мердігерлер тізімін жасады. Қазіргі уақытта толық тексеру жүргізіліп, бұзушылардың лицензиялары тартып алынып, олар туралы бар мәлімет қара тізімге енгізілуде», - делінген қала әкімдігінің баспасөз хабарламасында.

Жұмыс сапары барысында әкім Оқушылар сарайы маңындағы скверді абаттандыру жұмыстарымен танысты. Қала тұрғындарының қалауы мен сарапшылардың қорытындысы бойынша жобаға түзетулер енгізілген болатын. Сонымен қатар, Б. Сағынтаев Әуезов театры маңындағы «Дружба» скверін, сонымен қатар «Дружба» саябағын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарымен, Мүсірепов бульварын түрлендіру мен Қастеев мұражайы маңындағы субұрқақты қайта қалпына келтіру жобаларымен танысты. 10 жылдан астам жөндеу жұмыстары жүргізілмеген нысандардың архитектуралық келбетін сақтай отырып, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Қала әкімі аталған объектілер құрылысында пайдаланылған гранит плиткалар мен бордюр тастарын қайта қолдануды тапсырды, өйткені олар бұзылмаған қалпы сақталып, әлі көп жыл қызмет ететін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары