Үндістанда алғаш рет Хайдарабад қаласындағы хайуанаттар бағындағы сегіз арыстаннан коронавирус анықталды, - деп хабарлайды РИА Новости.
Басылым мәліметі бойынша, ақпаратты Times Of India порталы жариялаған.
БАҚ мәліметіне сүйенсек, аумағы 160 шаршы метрден асатын сафари аймағын шамамен 10 жастағы 12 арыстан мекендейді. Сәуірдің соңында саябақта жұмыс істейтін ветеринарлар арыстандардың тәбеті жоғалғанын, мұрынынан су ағып, жөтел пайда болғанын байқаған. Зерттеу нәтижелері бойынша төрт еркек және төрт ұрғашы арыстаннан коронавирусқа сынама алынып, оң нәтиже көрсеткен.
Ветеринарлар жануарлардан сынама үлгісін алып, Хайдарабадтағы жасушалық және молекулалық биология орталығына жіберген. Орталық ғалымдары жануарлар коронавирустың қандай штамын жұқтырғанын анықтайды.
Үндістан коронавирус жұқтыру жағдайлары бойынша әлемде екінші орында тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, елде барлығы 20,2 миллионнан аса адам COVID-19 жұқтырған. 16,6 миллионнан аса адам сауығып, коронавирус белгілері бар ауырдан 222 мың адам қайтыс болған.
Бүгін Үндістанға барған азаматтар Қазақстанға келгеннен кейін ПТР-талдауы теріс нәтиже көрсеткеніне және коронавирусқа қарсы вакцинациядан өткеніне қарамастан 14 күндік міндетті карантинге жіберілетіні белгілі болды.