Режиссер Ермек Тұрсынов Ермұхамет Ертісбаевтың өзіне таққан айыптарына жауап берді. Тілшімізге берген түсініктемесінде ол «мұның бәрі – бос сандырақ» деп мәлімдеді. «Елбасына тіл тігізгені үшін қамалуы мүмкін» деген сөзінен сескенбейтінін, оған еш негіз жоқ екенін айтты. Бұл туралы Nege.kz сайты жазды.
– Ермұхамет Ертісбаевтың сізге таққан айыптарына не дер едіңіз?
– Ол менің тақырыбымды сериалға айналдырып жіберді. Бұл жөнінде қазір мен ештеңе айта алмаймын. Оның не шығарғанын көрген жоқпын. Сөздеріне онша мән бермеймін.
– Сізді «Тоқаевты алдады» деп айыптады. Бұған не жауап бересіз?
– Дені дұрыс адам ондай сөзді айтпайтын шығар.
Тұрсынов Тоқаевтың қабылдауында. Фото: akorda.kz
– Ертісбаевтың хабарын көрмедіңіз бе? Сізге қатысты ғой, неге көрмейсіз?
– Жоқ, көрген жоқпын. «Бәлелі к…тке бармағыңды тықпа» деген сөз бар. Сұқсаң, боғы шығады.
– Сізді қамауға алуы ғажап емес дейді. Бұл қаншалықты мүмкін?
– Оны Ертісбаев шешпейтін шығар. Сандырақ сөз! Әр ауылдың өз жындысы бола береді.
– Неге ол YouTube каналы арқылы сізге жарты сағат уақыт арнап жүр? Сіздің қоғамдық, саяси тақырыпта айтып жүрген сөздеріңіз билікке ұнамайтын сияқты. Ол жағын да ашық айтқандай…
– Айтса, айта берсін. Алғашқы видеосын тыңдадым. Небір сандырақ сөздерді айтқан. Ертісбаевтың кім екенін бәріміз білеміз. Бұрыннан. Сондықтан, оның әңгімелеріне түсініктеме бергім келмейді. Оның сандырағына неге пікір айтуым керек? «Ертісбаев екінші видеосын шығарыпты» деп, маған біреулер айтты. Ол жаңа жұмыс тапқан көрінеді.
– Қамап қоюы мүмкін деп қорықпайсыз ба? Ол бекер айтып жатқан жоқ шығар. Бұл қорқыту ма, ескерту ме? Мұны қалай қабылдадыңыз?
– Неге қорқамын? Мені не үшін қамамақ? Өзің ойлашы, мұның бәрі базардағы әйелдердің өсегі секілді нәрсе ғана…