Әлеуметтік желілерде Қызылорда базарына коронавирусқа қарсы вакцинасыз кіргізбей жатыр деген ақпарат пайда болды. Облыс әкімдігі видеоға түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz .
Instagram-дағы видео кадрларынан кезекте тұрған көп адамды көруге болады.
"Вакцина салдырмадың ба? Базарға кіргізбейміз. Байғұс адамдар, жұмыс істетпеді ғой", - делінген видео сипаттамасында.
Қызылорда облысының әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Қазіргі уақытта қалалық емханалар жанынан екпе егу үшін жылжымалы топтар құрылды. Осындай мобильді топтардың бірі бүгін "Қорқыт Ата" сауда орталығында вакцинация жүргізді.
Бұл вакцинация ерікті түрде жүргізіледі. Барлық санитарлық талап сақталған. Айта кетейік, вакцинация алдында дәрігер міндетті тексеріс жүргізеді.
Сонымен қатар, "базарға вакцинасыз ешкімді кіргізбейді" деген ақпарат жалған екенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта еркін саудаға барлық мүмкіндік бар", - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.