06.05.2021, 17:00

Павлодарда балық қырылып жатыр ма?

фото: inbusiness.kz
Ал жергілікті тұрғындардың пайымынша, балықтардың жаппай қырылуына мұздың еш қатысы жоқ.

Оқиға орнына арнайы комиссия барады. Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Шығанақ көлінде мыңдаған балық жағаға шығып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

«Жаз бойы балық инспекциясы мен учаскелік полицейлер балық аулауға мүмкіндік берген жоқ. Енді алдағы 20 жылда аулайтын балық қалмайды. Инспекция да көлдің басынан ешкімді қумайды», – деп жазған әлеуметтік желіде таралған бейнежазбаның авторы.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, балық шаруашылығы инспекциясы, ветеринарлық қызмет, ғалымдардан құрылған арнайы комиссия оқиға орнына барып, жағдайдың мән-жайын анықтайды.

«Су мен балықтардың сынамасы алынып, зертханалық талдамалар жасалады. Ақтоғай ауданы әкімдігінің алдын ала болжамы бойынша балық су айдыны толығымен қатып қалғанның салдарынан қырылып қалған», – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.

Еске сала кетейік, осыдан шамамен бір ай бұрын Павлодар облысындағы тағы бір су айдыны – Чапка өзенінің жағасына мыңдаған балық шығып қалған еді. Сол кезде де сала мамандары бұған өзен суының 1-1,5 метрге қатып қалуы себеп екенін хабарлады.

Ал жергілікті тұрғындардың пайымынша, балықтардың жаппай қырылуына мұздың еш қатысы жоқ. Себебі ол қалың қатпаған. Көпшілік бұған экологиялық жағдайлар кері әсер етуі мүмкін деп топшылайды. Өңірде алғашқы оқиға тіркелген кезде талдау жұмыстарына экологтарды тарту туралы өтініш аяқасты қалып еді. Бұл жолы жұртшылықтың пікірі билікке жете ме, жоқ па, әзірше белгісіз.