08.05.2021, 19:12

Ауғанстанда су тасқынынан қаза тапқандар саны 78-ге жетті

Фото: ашық дереккөзі
32 адам із-түссіз жоғалған.

Ауғанстанда су тасқыны салдарынан қаза тапқандардың саны күн сайын артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нөсер жауын салдарынан туындаған сел ағыны Герат өлкесін шайды. Anadolu агенттігі осы жылдың 4 мамырында су тасқыны салдарынан 14 адамның және көптеген жан-жануардың өлгендігін хабарлаған болатын.

Герат өлкесі губернаторының баспасөз хатшысы Джейлани Фархад су тасқыны Обе ауданына да зиянын тигізгендігін айтады.

«Көптеген үйді су басып қалды. Ауданда іздеу-құтқару жұмысы жалғасып жатыр», - деді Джейлани Фархад.

Ал жергілікті Shamshad Radio телерадиоканалының ақпаратына қарағанда, қазіргі уақытта 78 адамның қаза тапқаны белгілі. Сонымен қатар 30 адам зардап шексе, тағы 32 адам із-түссіз жоғалған. Мұндай деректі телерадиоканал Twitter-дегі ресми парақшасында келтіреді.